«Үздік студенттік топ – 2014» байқауының ақтық мәресі аяқталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Үздік студенттік топ – 2014» байқауының ақтық мәресі бүгін болып өтті. Өз факультеттерінің беделін қорғап шыққан әр топ президентіміз Н.Назарбаевтің «Жасыл көпір: ұрпақтан ұрпаққа» және ректорымыз Ғ.Мұтановтың "Smart сity" бағдарламалары аясында өздерінің жобаларын қорғады. Сөз жоқ, бір-бірінен өткен керемет, ақылды және мұқият жасалған жобалардың куәсі болдық. Байқауды бастан-аяқ ұйымдастырып, студенттерді осындай игілікті іске баули білген «Сұңқар» студенттер кәсіподағының бұл іс-шарасы мақтауға тұрарлық.

Финалистер бұған дейін қандай кезеңдерден өтті?
Айта кетейік, 2012 жылдан бері бастау алған жоба студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, үздік студенттер тобын шығару және ынталандандыру мақсатында жүргізіліп келеді. Осы жылы 13 факультеттен ең үздік 13 топ қатысты. Байқау барысында студенттік топтардың тапқырлығы, білімділігі және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсетуі – қатысушыларға қойылатын басты талап болды. Мамыр айына дейін жалғасқан дода студенттердің уақыттарын қызықты әрі пайдалы іске жұмсауына септігін тигізді.
Студенттердің жалпы оқу үлгерімі, ғылыми, мәдени және қоғамдық шаралардағы белсенділігі, өзін-өзі басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттері сыналатын дода төрт деңгейде өткізіліпті. Бірінші факультет деңгейіндеде ең білімді, ең үздік, ең ұйымшыл топтар таңдалып, университеттік додада өз факультеттерінің намысын қорғауға озық шықты. Ақпан айының 14-28 аралығында әр факультеттің ең үздік топ студенттерінің жетістіктері мен шығармашылықтарын растайтын құжаттар папка түрінде жиналды.
Факультеттен суырылып шыққан жалынды жастар өзара наурыз айының 11-жұлдызында байқаудың І турында бақ сынасты. Конкурстың екінші деңгейінде немесе университеттік деңгейдің бірінші кезеңінде студенттік топтар өз факультеттерін қызықты бейнероликтермен таныстырып, әр топ өздерінің ұйымшылдығын көрсете білді. Байқауда әр топ ерекше костюмдер киіп, өздерінің таланттарымен тәнті етті. Конкурсқа қатысқан әр топ өз факультетінің намысын қорғайтын болғандықтан, қатысқан студенттер бар күш-жігерлерін салып қатысты. Топтардың арасынан келесі турға өткен факультет топтарының 1 кезеңнің қорытындысы ескерілді, яғни, топтардың үлгерімі, ғылыми жарияланымдарының саны, пәндік олимпиадаларға, байқауларға, конференцияларға қатысқан студенттер саны, авторлық куәлігі, патенттері, қоғамдық қызметі және спорттық қызметі ескерілді. Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар 10 студенттік топ конкурстың келесі кезеңінде өз бақтарын сынады.
Сәуір айында студенттердің ең сүйікті жобасына айналған «Ең үздік студенттік топ-2013» байқауының 2 кезеңі өтті. Аталған конкурс «Саламатты дене мәдениеті» және «Айналаңды нұрландыр» жобаларының аясында өткізілді. «Саламатты дене мәдениеті» жобасы аясында «Калипсо» атты эстафеталық жарыс ұйымдастырылған болатын. 25-сәуір күні 3 кезеңмен жалғасын тапқан байқауда студенттік топтар өздері түсірген қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына арналған “ҚазҰУ менің болашағым” атты бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар, «Айналаңды нұрландыр» және «Алма-Қала» акциялары төңірегінде ҚазҰУ қалашығында көшеттер отырғызылып, жасылдандырылды. Бұл акцияларға «Ең үздік студенттік топ – 2014» қатысушылары да ат салысып, шет қалмады. Оқу ордамыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында абаттандырылды.
Ұйымдастырушылар тек байқау кезеңдерімен ғана шектеліп қалмай, топтар арасындағы байланысты нығайту және рухани мәдениетін арттыру мақсатында үздік студенттер театрда бас қосты. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Көгілдір такси...» қойылымы ҚазҰУ жастарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Артынша топтардың ұйымшылдығын, мақсатқа жетудегі талпынысын жетілдіру үшін таңғы тимбилдинг өткізілді. Жаттығулар барысында қатысушылар өздерінің ауызбіршілігін өте жоғары деңгейде екенін таныта білді. Финалға кіріспе бастамасы ретінде «Үздік топтарға арналған» Алматы қаласының жобалар бойынша менеджері Сатубалдин Алмат мырзаның көмегімен семинар-тренинг өткізілді.
Ақтық мәре. Кім, қандай жоба ұсынды?
Әділ-қазы алқалары құрамында ҚазҰУ технопаркі директоры Әуелбек Тоғжанов, Study Inn білім беру орталығының сату бойынша менеджері Ниеткабылова Айгерим, Студенттер ғылыми қоғамы төрайымы Гүлмарал Махабіл, Алматы қаласы жобалар бойынша менеджер Сатубалдин Алмат, Алматы қаласының аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Стамбеков Ерлан, Алатау технопаркінің жобалар бойынша менеджері Мустаков Диас, Еуразиялық ассоциация президенті Кисиков Бекнур, Әлеуметтік даму жөніндегі проектор Шолпан Ерболқызы, "Сұңқар" студенттер кәсіподағы төрайымы Айдана Сыдықова факультеттерінің намысын қорғаған студенттік топтардың жобаларын таразыға тартты.
Ақтық мәреде факультеттерінің ақ туын ұстаған Экономика және бизнес жоғары мектебі «AST» жасанды ағаш арқылы Алматы қаласының экологиясын жақсарту», Механика-математика факультеті «Smart шлагбаун», Физика-техникалық факультеті «Экоғимарат», География және табиғатты пайдалану факультеті «КазНУ кампус маб», Философия және саясаттану факультеті «Velosity», Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті «КазНУland – ҚазҰУ тамашалау шеңбері» жобаларын ұсынды. Бір-бірінен өткен керемет жобалардың баршасы ҚазҰУ қалашығының экологиясын тазартып, студенттердің қызметіне жарайтын, smartsity үшін арналған жобалар болды. Нәтижесінде, әділ-қазылардың сарабы бойынша, бұған дейін болып өткен кезеңдердің нәтижелері ескеріліп, физика-техникалық факультеті және филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің намысын қорғаушы топтар сайыстан шығарылды. Ал, қай топтың, қаншасыншы орын алғаны жұмбақ күйінде қалды. Оларды ректор Ғ.Мұтановтың өзі марапаттайтын болады.
Сайыстың соңы концерттік бағдарламаға ұласып, көптеп келген көрермен студенттердің көңілін көтерді. Сонымен қатар, «Ең үздік студенттік топ – 2014» байқауын жүзеге асыруда белсенділік танытқаны үшін «Сұңқар» студенттер кәсіподағының басшылары мен мүшелері ректор тарапынан марапатталды. Айта кету керек, жүлделі үшінші орын алған топ Табағанға, екінші орынды алған топ Ыстықкөлге жолдама алатын болса, бірінші орынды алған студенттік топ Астана мерекесіне орай Елордамызға қыдырып қайтуға жолдама беріледі. Ендеше, үздіктер кімдер болғанын асыға күтеміз!..
Дінмұхамед Аязбеков (MIG)



