Өзбекстанда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Соттары төрағаларының кеңесі өтті

Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Ташкент қаласында (Өзбекстан) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Соттары төрағаларының кеңесіне қатысты. Іс-шараға Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан Жоғарғы Соттарының төрағалары мен судьялары, сондай-ақ ШЫҰ-ның Бас хатшысы С.Имандосов та қатысты.
Қазақстандық делегацияның құрамында Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков, еліміздің жоғары сот органының судьясы Е.Әріпов, сондай-ақ Қазақстан Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бірқатар жауапты қызметкерлері бар.
Өзінің кіріспе сөзінде Қ.Мәми ШЫҰ-ның тұрақты дамуы мен гүлденуі үшін ұйымға мүше елдер тарапынан тиісті заңнамалық жұмыстарды жүргізу және ортақ сын-қатерлерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті. Тараптар кез келген мәселе мен қауіп-қатер құқықтық кеңістікте, бірыңғай тәсіл арқылы шешімін табуы үшін өз серіктестеріне сенімді болуы тиіс.
ШЫҰ елдері жоғары сот органдары басшыларының деңгейіндегі кездесулер айрықша практикалық маңызға ие. «ШЫҰ-ның құрамдас бөлігі ретінде сот жүйелерінің өзара іс-қимылына деген сұраныс кездесулердің қорытынды құжаттарында ерекше аталып өтілген. Оларда сот саласында тәжірибе алмасудың өзектілігі айтылып, өзара сенім, теңдік, сан алуан мәдениеттерді құрметтеу мен ортақ дамуға деген құлшыныс негізінде тығыз өзара іс-қимылды тереңдету бойынша міндеттер айқындалған», - деді Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы.
Қ.Мәми өткізіліп отырған кездесудің кең ауқымды деңгейіне айрықша назар аудара келе, Оңтүстік Азия аймағынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына қабылданған жаңа мүшелерді құттықтады. «Бұл – ШЫҰ беделінің тағы бір көрсеткіші. Жаңа мүшелердің Ұйымға кіруі жаңа көкжиектерді бірлесіп игеруге және әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді», - деді ол.
XII кеңестің күн тәртібіне сот-құқық жүйесін одан әрі реформалау, инвестицияларды қорғаудың институционалдық тетіктері мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі инвестициялық даулар саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері енгізілген. Бұған қоса, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, өскелең ұрпақты әр түрлі террористік және радикалдық құрылымдар қызметіне тарту мен жалдауға қарсы іс-қимыл тәжірибесі талқыланды. Әрбір тақырып бойынша Қазақстан атынан спикер сөз сөйледі.
«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сот-құқық жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» сессияда оқыған негізгі баяндамасында Қ.Мәми Ұлт жоспары шеңберінде іске асырылған сот реформалары туралы айтты. Соттарды институционалдық күшейту, соттардың кадр саясатын реформалау, «электронды сот төрелігін» дамыту, азаматтық процестік заңды жақсарту және қылмыстық заңнаманы жаңғырту бойынша негізгі бес басымдыққа ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша талқылаудың негізгі нәтижелерін қамтыған Бірлескен мәлімдеме қабылданды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Соттар төрағаларының келесі XIII кеңесін 2018 жылы Қытай Халық Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.
