Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өз өмірің өз қолыңда

Бүгінде ел ішінде белең алып тұрған мәселелер көп. Солардың бірі суицид. Суицид адамның өзіне-өзінің қиянат жасап, өз өмірін қиюы. Әлемде жыл сайын 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді екен. Олардың бір миллионға жуығы жарық дүниемен қош айтысады. Өз өмірін қиюшылардың 8 мыңға жуығы қазақстандықтар.

Иә, Қазақстанда өз-өзіне қол салушылардың саны өте көп. Тіпті, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының (ДДСҰ) берген дерегіне сүйенсек өзін-өзі өлтіру көрсеткіші жөнінен әлемде Литвия мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орындамыз. Ал егер үшінші орынға көңіліңіз көншімесе өз-өзін өлімге қиған әйелдер жағынан бірінші орында келеміз. Нәзік жандылардың осынша өмірден безіп, өлімге бекінуіне нендей себеп?! Өз-өзін өлімге қиюға себепші болатын қаржылық қиындық, қорқыныш, үрей, махаббат тәлкегі — мұның бәрі өткінші сезім. Статистикаға сүйенетін болсақ, ел ішінде адам өлтіргендерге қарағанда өзін-өзі о дүниеге аттандырғандардың саны әлдеқайда көп. Жалпы, өзін-өзі өлтірушілердің басым көпшілігі — жастар. Еліміздің болашағы жастар десек, жастарымыздың осындай қадамға баруына түрткі болар жағдай не?! Соңғы кездері теледидардан «өз-өзіне қол салыпты» деген сөздерді естісек, таңқалмайтын да болдық. Өрімдей жастардың осылайша жан тапсырғанын шыбын өлген құрлы көрмей кеттік. Елімізде 2009 жылы 260 жасөспірім суицид жасаса, 2012 жылы 200-ге жуық кәмелет жасына толмағандар өз-өзіне қол салған екен. Бүгінгі күнде де өз еркімен ақтық сапарға аттанғандардың саны толастар емес.

Сонымен қатар, шариғат заңдары да өз-өзіне қол салуға қарсы. Құранда «Егер кісі өзін өлтіру үшін нені қолданса, Қиямет күні сонымен азапталады» деп баяндалған. Бұл — суицид жасауға бекінгендердің өз өмірімен қоштасса да, о дүниеде жаны тыныштық таппайтындығының дәләлі. Жаратушымыз — Алла Тағала, сондықтан біздің өз-өзімізге үкім шығаруымызға құқымыз жоқ. Бақара сүресінің 195-аятында Алла: «…Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар…» деп әмір етіпті. «Өз-өзін өлім жазасына кесу» — Ислам дінінде Аллаға ширк қосудан кейін екінші ауыр күнә. Ислам дінімен қатар, Христиан діні мен Иудаизм да өзін-өзі мерт қылуға қарсы.

Бүгінде халық қалаулылары суицид мәселесін күн тәртібінде алғашқы орындарға қойып, жіті қарауда. Қарамағанда ше, бұл тажал жасөспірімдердің балдай тәтті өмірін бұзып, жағаға жармасып жатыр. Күн санап көбейіп жатқан осы жан түршігерлік оқиғалардың да соңына нүкте қойылар деген үміттеміз.

 
0
0
3669

Осы тақырып бойынша

Өз өмірің өз қолыңда - Yvision.kz