«Өз өміріңді көркемде!» акциясы шеңберінде 2000-ға жуық қызылордалықтар қала орталығындағы көшелермен жүріп өтті
Есірткіден азат қоғамды қалыптастыру, жастар арасында саламатты және салауатты өмір салтын насихаттау, бүкіләлемдік зұлматқа айналып отырған дерттің кең етек алуын болдырмау мақсатында республика көлемінде өткізіліп жатырған «Өз өміріңді көркемде!» акциясы шеңберінде Қызылорда ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 31 қазанда орталық алаңнан бастау алып, А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйіне дейін жаяу шеру жүріп өтті. Шеруге қаладағы барлық орта, арнаулы орта, жоғары оқу орындарының білім алушыларынан, медицина саласының қызметкерлерінен, «Арылу» қоғамдық қорының мүшелерінен құралған 1700 адам қатыстырылды. Акцияға қатысушылар бірліктің, ынтымақтастық символы – жалау ұстап шығып, есірткіден азат қоғамды қалайтындықтарын білдіріп, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Акция 31 қазанда сағат 16.00-де А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйінде мерекелік жиынмен қорытындыланды. Мерекелік шара барысында есірткімен күрес бағытында жемісті жұмыстар атқарып келген жасөспірімдер, жастар, қоғамның белсенді мүшелері марапатталды. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, театрландырылған қойылымдар, ән мен би көрермен назарына ұсынылды. Жас өнерпаздар өздерінің өнерлерін көрсетіп, бұқара қауымды нашақорлықпен ұйымдасқан түрде күресуге шақырды.
Ескерте кетерлік жағдай, аталған акция шеңберінде 2015 жылдың 30 қазанында Қызылорда қаласының орталық алаңынан бастап, қала көшелерін аралай отырып, автокөліктер шеруі жүріп өткен болатын.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
