Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қызылордалық үздік түлектерге медициналық университеттерге грант бөлінеді

Медицина қызметкерлерінің күні - бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес, елімізде жыл сайын медицина қызметкерлерінің күні тойланады.

Қазақстанда бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Биыл бұл күн 17 маусымға сәйкес келіп тұр.

Сырқатына ем, жанына дәру іздегендер дәрігердің көмегіне жүгінері хақ. Бұл мереке - жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі бағаланатын күн.

Бағалау, марапаттау, құрметтеу бір күнмен тоқтамаса керек. Өйткені, олар тәулік бойы, жылына 365 күн тыным таппастан адамзатқа қызмет қылуда. Олар өмір мен өлімнің тайталасына түскен жандарға екінші мәрте жарық күн сыйлар жандар.

Төгілген маңдай тердің, жұмсалған күш-қайраттың, төзім мен шыдамның өтеуі болар мереке - Медицина қызметкерлерінің күні Қызылорда облысында да өз дәрежесінде аталды.

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музы­калық драма театрында медицина қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесіне ар­нал­ған салтанатты шара өтті. Шара барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақта медицина саласын дамыту бойынша өткізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

Сырдағы денсаулық сақтау саласында нәти­желі істер атқарылып, же­тіс­тіктерге қол жет­кізілді. Салаға зама­науи технологияларды енгізуге, мате­риалдық-техникалық базаны күшейтуге, профилактикаға көңіл бөлінуде. Қаржы­ландыру көлемі соңғы бес жылда 30 процентке артты.

Атап айтқанда, соңғы 3 жылдан бері қажетті медициналық мамандықтар бойынша резидентураға гранттар бөлініп жатыр, ағымдағы жылы да 25 грант бөлінді. Одан бөлек биылдан бастап орта мектептер мен медицина колледждерінің үздік бітірушілеріне облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалып отыр. Грант арқылы оларға оқу бітіргенше қолдау көрсетілетін болады.

Айта кету керек, биыл мамандарымыз Корея мемлекетінде және Ресей, Татарстан Республикасының Қазан қаласында білімін жетілдіруге, Қытай, Австрия, Ресей мамандарымен тәжірибе алмасып, озық технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отыр.

Салтанатты шарада облыс әкімі бірқатар сала қызметкерлерін марапаттап, Құрмет гра­мотасын, Алғыс хат, «Еңбек ардагері» медалі мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыстады. Жыл қорытындысы бойынша үздік қызметкер атанған дәрігерлерге 500 мың теңгеге сертификаттар табысталды.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 27,4 млрд теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 49-ы апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынды.

Ендігі кезекте Қазалы аудандық аурухана базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр тұрғындарына кардиологиялық орталық ашу, Арал және Шиелі аудандарында 150 төсектік орталық ауруханалардың жұмысын аяқтау, Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде 250 келушіге, Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінде мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде реабилитациялық орталығы бар 250 келушіге арналған емхана, Сырдария өзенінің сол жағалауында көпбейінді 300 төсек-орындық аурухана құрылысын бастау тұр.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

0
0
462

Осы тақырып бойынша

Қызылордалық үздік түлектерге медициналық университеттерге грант бөлінеді - Yvision.kz