Қызылордалық тәртіп сақшылары «Тәуелсіздік күні» мерекесін салтанатты түрде атап өтті
Тәуелсіздік күні - республикамыз үшін айтулы күндердің бірі. Бұл ұлық мейрамды еліміздің егемендігін қорғау мақсатында тер төгіп, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлері де мерекелік көңіл күймен атап өтті.
Осы орайда, 14 желтоқсан күні Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты іс-шараға ішкі істер саласының ардагерлері, департамент және басқарма басшылары мен жеке құрам түгел қатысты. Шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының мерекелік құттықтау хаты ресми түрде оқылып, министр бұйрығымен құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің бірнеше қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің бұйрығымен департаменттің қызметкерлері марапатталды.
«Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті». Осы барлығы үшін орны бөлек мерекемен барлықтарыңызды құттықтаймын. Халықтың қауіпсіздігін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет ету жолында сәттілік тілеп, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектестік білдіремін», - деді Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, департамент бастығының кеңесшісі М.Пейсов.
Мерекелік іс-шара департамент қызметкерлерінің Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
