Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қызылордалық полицейлер жаңадан редакцияланған кодекстерді талқылады

Заңнамалық базаны ел Конституциясының жаңа нормаларымен, осы уақытқа дейін ратификацияланған халықаралық келісімдермен сәйкестендіру мақсатында 4 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, келесі жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енетіні белгілі. Осыған орай, қазіргі таңда  жаңа кодекстерді қолданғанда қиындықтар туындамауы үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне  оқу, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Осындай мақсатты көздейтін семинардың бірі ағымдағы жылдың  қарашасында  Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының ғимаратында өткізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің мән-жайлары мен 2014 жылғы 17 сәуірдегі қабылданған «Қазақстан Республикасы жол жүрісі туралы» Заңы түсіндірілген  семинар-кеңеске Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасының міндетін атқарушы судья  Қожантаев Шалқар Кенесбайұлы арнайы шақыртылып, Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы және барлық аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастықтары, орынбасарлары, әкімшілік практика және жол- патрульді полиция бөліністерінің қызметкерлері қатыстырылды. Кеңес отырысын Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ахметов Алтынбек ашып, жоғарыда аталған кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізудің маңызын қысқаша баяндап, Кодексте сілтемелер азайтылып, құқық бұзушылық бойынша нақты баптар көбейтілгенін ескертті. Сонымен қатар, орын алған құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл мөлшері де біршама  ұлғайғанын атап өтті. Мәселен, қолданыстағы кодекстің 336-1 бабы бойынша тыйым салынған  қоғамдық орындарда темекi шеккені үшін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, салынатын айыппұл мөлшері 2-ден 5-ке дейін делінген. Ал жаңа кодекстің 441- бабында 6 айлық есептік көрсеткіш болып нақты сомасы белгіленгендігін көрсетті.

Бұдан кейін сөз тізгінін департаменттің әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы полиция майоры А.Оспанов алып, жоғарыда аталған кодекстерге енгізілген өзгерістердің халықаралық стандартқа жауап беру мәселесін сөз етті.

Одан әрі А.Ахметов ағымдағы жылдың 17 сәуірінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заңға тоқталып өтті.  Заң жобасында мүдделі мемлекеттік органдардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құзыреті мен міндеттерін, елімізде жол қауіпсіздігі аудит институтын енгізудің маңыздылығын айқындап берді.

Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіліп, онда азаматтардың құқығын шектейтін және қорғайтын нормалар қамтылғанын және құжат бойынша көлік құралдарына, олардың техникалық қызмет көрсету талаптарына қатысты нормалары жеке қарастырылғанын атап өтті.

Бұдан бөлек мүгедектерге арналған орындарда автокөліктерді тоқтату, көлікпен тоқтауға қатысты ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Сондай-ақ, семинар-кеңесте жүргізушілерді даярлау тәртібі мәселесі де сөз болды. Осы бағыттағы ақпаратты департаменттің әкімшілік полиция басқармасы емтихан қабылдау және тіркеу бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Н.Садықов берді. Ол өз баяндамасында жүргізушілерді даярлау тәртібін бұзғандарға да жауап қатайғанын және жүргізуші куәліктерінің жаңа түрлері енгізілгенін атап өтті.

Өзекті мәселелер көтерілген семинарда айыппұл салу тәртібіне,  құқық бұзушылықты тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер жайлы  және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар талқыланды.

   

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 
0
0
449

Осы тақырып бойынша

Қызылордалық полицейлер жаңадан редакцияланған кодекстерді талқылады - Yvision.kz