Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қызылордалық полицейлер іздеуде жүрген әккі ұрыны қолға түсірді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Бөтен мүлік ұрлығының алдын алу жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын. Осы бағдарлама аясында, пәтер ұрлығының алдын алу мен орын алған пәтер ұрлықтарының ізін суытпай ашу мақсатында қазан айының 21-30 аралығында «Пәтер» жедел профилактикалық шарасы жүргізілді. Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы Ақсай полиция бөлімі және криминалды полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел іс-шаралары барысында іздеуде жүрген  37 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының тұрғыны ұсталды.

Күдікті азамат Қызылорда қаласы аумағындағы  жеке секторлы үйлердің жанында өзін мүгедек адам ретінде көрсете жүріп, қожайындары жоқ деп пайымдаған  үйлердің пластикалық терезелерін сындырып кіру арқылы зергерлік бұйымдарын, қомақты ақшасын, құнды заттарын қолды етіп жүрген. Тергеу барысында бұл әккі ұрының қатысуымен 11 пәтер ұрлығы орын алғандығы және барлық тонаулары бір ізбен жасалғаны  белгілі болды.

Бүгінгі таңда жәбірленушілерден ұрланған ақша мен алтын бұйымдардың сомасы есептелуде. Сезіктінің жалдап тұрған пәтерінен  ұрлаған заттары, алтын бұйымдары айғақтық зат ретінде алынды.

Қызылорда ҚІІБ Тергеу бөлімімен сезікті азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы ҚК 175-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Қызылорда ОІІД  Баспасөз қызметі

 
0
0
296

Осы тақырып бойынша

Қызылордалық полицейлер іздеуде жүрген әккі ұрыны қолға түсірді - Yvision.kz