Қызылордада «Құқық тәртібі» шарасының бірінші күнінде 748 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Ағымдағы жылдың наурыз айының 15-17 күндері аралығында «Наурыз» мемлекеттік мейрамын мерекелеу қарсаңында криминогендік ахуалды сейілту, құқық тәртібі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстарды ескерту және жолын кесу бағытында облыс көлемінде «Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп, жұмыс барысы күшейтілген жүйеге көшірілді.
Аталған іс-шараға 1000-нан аса ІІО-ның жеке құрамы жұмылдырылып, іс-шараның бірінші күнінде барлығы 748 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жол-көлік оқиғасына тікелей септігін тигізетін өрескел жол қозғалыс ережесін бұзу фактілерінің бірі – автокөлікті мас күйінде басқарған 16 жүргізуші анықталса, қауіпсіздік белдігін тақпай автокөлік басқарған 128 жүргізушіге, ұялы телефонмен сөйлесіп көлік басқарған 92 жүргізушіге, жылдамдықты шамадан тыс асырып басқарған 59 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында қала мен елдімекен аумақтарын көріктендіру ережесін бұзу дерегі бойынша 127, спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу дерегі бойынша 54, ұсақ бұзақылық дерегі бойынша 55 құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар көрілді.

Уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына 20 азамат жеткізіліп, 3 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін ТМД елдерінің 79 азаматына шара көрілді.
Тәулік ішінде 12 қылмыстың беті ашылды. Айтарлық, 15.03.2017 жылы Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жүріс-тұрысы күдік тудырарлық Ш.М. есімді азаматты тоқтатып, тексеру барысында күртешесінің қалтасынан газет қиындысына оралған жасыл түсті, ерекше иісі бар затты анықтайды. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, белгісіз затқа сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша салмағы 1,48 гр.-ды құрайтын «кептірілген марихуана» екендігі анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
