Қызылордада стационарлы полиция пункті ашылды және полицейлердің автопаркі 69 автокөлікке толықты
Тәртіп сақшыларының қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті нығайтып және жедел іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін бес қаруының сай болуы аса маңызды. Қазіргі таңда облыстағы тыныштық пен тәртіпті сақтап отырған ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда облыс басшылығы жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметіне қаржы бөлініп, 69 бірлік автокөлік, стационарлық полиция бекетін орналастыру үшін модуль тәрізді үй-жай сатып алынды.

Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай, маусым айының 21 күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен Орталық алаңда, яғни Облыстық сот ғимаратының жанында орналасқан станционарлы полиция бекетінің ашылу салтанаты болды.

Жаңа полиция бекеті қазіргі заманға сай ерекше үлгіде салынған (Ресей Федерациясының Самара қаласының тәжірибесі негізінде) және жобасы Жергілікті атқарушы және Прокуратура органдарымен бірлесіп әзірленген. Полицейлерге барлық жағдай жасалған, қажетті жабдықтармен, компьютер, бейнекамералармен және ІІМ-нің арнайы базасымен жабдықталған. Осыған ұқсас 13 бекет қаламыздың өзге да аумақтарында ашылмақ.
Сондай-ақ, салтанатты шара барысында сап түзеген қызылордалық полицейлерге «Toyota Corolla» маркалы 69 автокөліктің кілті табыс етілді. Автокөліктер жол-патрульдік полиция батальонына пайдалануға берілмек. Бұл аталған бөлініс қызметінің жеделдігін арттыруға және облыстағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі септігін тигізеді.

Аймақ басшысы кез келген аймақтың даму деңгейі оның қоғамдық тәртібінің тұрақтылығымен және азаматтардың құқығын қамтамасыз етуімен анықталатынын баса көрсетті. Жергілікті әкімдік тарапынан бұл бағыттағы ел Президентінің тапсырмасы толықтай орындалып жатқандығын және органдардың мәртебесін арттыру бағытында біраз шаруа атқарылғанын жеткізді. Бүгінгі көрсетілген қолдау олардың халық алдындағы міндеттерін еш кедергісіз, адал орындауларына оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
