Қызылордада полиция қызметкерлері оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде
Қазіргі таңда барлық білім беру орындарында өткізілетін «Соңғы қоңырау» салтанатынан кейін мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастырып, автокөлік жарыстыруы дәстүрге айналып барады. Бұл тек жолдағы кедергілерге ғана емес, жол қозғалысына қатысушы басқа да тұлғалардың қауіпсіздігіне кері ықпал етіп, апаттылық жағдайдың жоғарылуына себеп болып отыр. Осыған орай, ағымдағы жылдың 23 мамырында Қызылорда қаласындағы №101 орта мектептің мәжіліс залында Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Е.Жаукеевтің, Қызылорда қалалық Білім беру басқармасының басшысы А.Есжановтың, сонымен қатар, мектеп директорлары мен ата-аналар комитеті төрағаларының, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті.
Жиында бітіруші түлектердің автошеру өткізуіне тыйым салу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдағы апаттылық жағдайының алдын алу мәселелері қозғалды. Оқу жылының аяқталуына байланысты қала мектептерінде өткізілетін соңғы қоңырау, Ұлттық бірыңғай тестілеу, бітіру кештеріне қатысты өткізілетін шаралар барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп жұмыстар жасап, соңғы жылдары бәсеке мен дабыраға айналған автошеру мәселесіне тоқтам салу қажеттігін сөз етті.
Жиын барысында сөз тізгінін Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Е.Жаукеев алып, 25 мамыр - «Соңғы қоңырау» күні қарсаңында Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоспар жасап, қызметкерлерге нақты тапсырмалар бергендігін хабарлады. Сонымен қатар, ата-аналар мен сынып жетекшілерінің сол күндері төтенше жағдайларға жол бермеу үшін оқушылар мен бітіруші түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында жиналғандар күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде пікір алысып, ұсыныстарын білдірді. Жиын жасөсіпірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәртіпсіздіктің алдын алу бағытында бірлескен түрде тиісті шаралар атқаруға ұйғарым жасалынып, қорытындыланды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
