Қызылордада пәтер иелеріне ірі мөлшерде шығын келтірген әккі ұры ұсталды
Қызылордалық полиция қызметкерлері 4 миллионнан аса теңгенің бағалы бұйымдарын ұрлаған әккі ұрыны қолға түсірді. 2017 жылғы 24 тамызда күндізгі 09.00 – 18.00 уақыт шамасында белгісіз біреу Қызылорда қаласы тұрғынының үйіне пластик терезесін күштеп ашып кіріп, жатын бөлмесіндегі алтын бұйымдарын ұрлап кеткені белгілі болды. Нәтижесінде қала тұрғынына 2 млн. 654 мың теңге материалдық залал келтірілген. Жедел-іздестіру шаралары кезінде Қызылорда қаласының 33 жастағы тұрғыны анықталып, Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Тергеу жұмыстары барысында ұсталған азаматтың тағы 2 ұрлық қылмысына қатыстылығы анықталды. Екі жағдайда да үйжайға пластик терезесін күштеп ашу арқылы кірген. Бірінде алтын бұйымдарды ұрлап, 153 мың теңге шығын келтірілсе, енді бірінде алтын, бриллиант әшекей бұйымдарымен қатар «Iphone 5» маркалы ұялы телефонның 2 данасы ұрланып, 1 млн. 630 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.
Аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) тіркелді. Аталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
Қызылорда қалалық ІІБ баспасөз қызметі
