Қызылордада бір күнде 2 автокөлікті ұрлап кеткен жас жігіт ұсталды
2017 жылдың 14 шілдесінде сағат 11.50 шамасында Қызылорда қаласының тұрғыны үйінің ауласында тұрған «Opel Vectra» маркалы автокөлігін белгісіз біреулердің кілтті іріктеу арқылы ашып, белгісіз бағытқа айдап кеткені жайлы арызданған.
Аталған арыз негізінде жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде К.М есімді қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында аталған азамат 14 шілдеге қараған түні Қызылжарма ауылы тұрғынының автокөлігін де жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иемденгені анықталды. Әккі ұры түнгі мезгілде көлік құралының қоршалмаған үйдің ауласында қараусыз қалғанын оңтайлы пайдаланған.
Қазіргі таңда күдікті қамаққа алынды, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Егер де күдіктінің кінәсі дәлелденген жағдайда, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
