Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қызылордада ауыл спортшыларының XXVIII «Алтын күз» спартакиадасы мәреге жетті

XXVIII «Алтын күз» спартакиадасы
Спорттың 15 түрін қамтитын ауыл спортшыларының XXVIII  «Алтын күз» спартакиадасында  аймақтың барлық аудандарының құрама командалары өнер көрсетті.

Бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында ұйымдастырылған спартакиадаға 1000-нан аса ауыл спортшысы қатысты. Төрт күнге созылған жарыс қорытындысына келетін болсақ, жалпы командалық есепте Сырдария ауданының  командасы — бірінші, Шиелі ауданы — екінші, ал Жаңақорған ауданы үшінші орынға  ие  болды.

Жекелей спорт түрлері бойынша қазақ күресінен Қуаныш Тәтімбетов (55 келі, Қармақшы), Талғат Мұнарбай (60 келі, Жалағаш), Ғалымжан Әбдірахманов (70 келі, Қармақшы), Қанат Асылбеков (80 келі, Шиелі), Мақсат Исақабылов (90 келі) және Марат Баймаханов (+90 келі, екеуі де Қармақшыдан) топ жарды. Командалық есепте Қармақшы ауданының командасы бірінші орынға ие болып, жүлделі орындарды  Шиелі және Жаңақорған  ауданының спортшылары өзара бөлісті.

Көкпардан Жаңақорған ауданының спортшылары 10 ұпаймен  чемпион  атанды.  Күміс жүлде Шиелі ауданының, қола Сырдария ауданының командасына бұйырды.  Ал аударыспақ шеберлері 3 салмақ дәрежесінде сынға түсті. 70 келіде жаңақорғандықтар Пазылхан Өміртаев пен 80 келіде Жасұлан Жәлімбетов, +80 келіде сырдариялық  Рүстем Байназаров  алтыннан алқа тақты. Аударыспақтан жалпыкомандалық есепте Жаңақорған ауданы бірінші орынды иеленсе, Сырдария ауданы — екінші, Жалағаш ауданы үшінші орынды  иеленді.

Теңге ілу сайысында қарсылас шақ келтірмеген жаңақорғандықтар бас жүлдені жеңіп алды. 8 ұпаймен Шиелі ауданы екінші орынға, 6 ұпаймен Қармақшы ауданы үшінші орынға шықты.

Қол күрес пен гір көтеруде мықтылар анықталды. Атап айтсақ, Ермек Бақтияр  (60 келі, Жаңақорған), Ерхан Келдібайұлы (70 келі, Сырдария), Нұржан Үрзіматов (80 келі, Жаңақорған), Мұхамадин Жұмағалиев (90 келі, Сырдария), Бауыржан Бекжанов (100 келі, Қармақшы) және Дархан Төлековтер (+100 келі, Жалағаш) жеңіс тұғырына көтерілді. Қол күрестен Сырдария ауданы 44 ұпаймен алға шықса, Жаңақорған ауданы күміс жүлдені, Жалағаш ауданы қоланы иеленді. Ал гір көтеруде сырдариялық білекті жігіттердің мерейі үстем болды. Қалған орындарға Қазалы мен Қармақшы ауданы орналасты.

Тоғызқұмалақ ерлер мен әйелдер арасында айналма жүйе бойынша 7 турда өткізілді. Нәтижесінде Сырдария — бірінші, Қармақшы — екінші, Шиелі — үшінші орынға ие болды. Шахматтан Шиелі ауданы үздік шығып, Сырдария және Қармақшы аудандары жүлделі орындарға ілікті. Ал дойбыдан сырдариялық Руслан Рахымбердиев, қазалылық Асқар Сәрсенбай және аралдық  Дәулет Дүйсенбайлар өз тақталарында ешкімнен жеңілмей, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Нәтижесінде Сырдария ауданы жеңімпаз атанса, Қазалы ауданы күміс, Шиелі ауданы қола жүлдені еншіледі.

Президенттік көпсайыста Қармақшы ауданының командасы озық шықты. Екінші, үшінші орындарды Жалағаш және Арал ауданының командалары бөлісті. Үстел теннисінде сырдариялық шеберлер ешкімге дес бермеді. Екінші орынға — шиеліліктер, үшінші орынға қазалылық спортшылар жайғасты.

Сонымен қатар, баскетболшылар мен волейболшылар арасында да тартысты кездесулер өтті. Баскетболдан ерлер арасында  Жаңақорған ауданы, әйелдер арасында Сырдария ауданының командалары өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Ерлер мен әйелдер арасында да II, III орындарды Шиелі мен Қазалы аудандарының командалары  иеленді.  Ал волейболдан ерлер мен әйелдер арасында сырдариялық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Ерлер арасында Жаңақорған, әйелдер арасында Арал ауданының командалары екінші орынды, ал Шиелі үшінші орынға ие болды.

Футбол бәсекесінде қазалылықтар бас бәйгені еншіледі. Ал гандболдан Қазалы ауданы 10 ұпаймен алға шықса, Сырдария ауданы күміс, Жаңақорған ауданы қола жүлдені еншіледі.

Спартакиаданың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев аталмыш сайысты қорытындылап, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады. Сондай-ақ, спартакиаданың ашылу салтанатында шеруде әдемі және  біркелкі спорттық формамен көзге түскен Арал, Сырдария және Жаңақорған  аудандары дипломдармен марапатталды.

Кезекті спартакиада жалауын Сырдария ауданы әкімінің орынбасары  Ержан Әжікенов Шиелі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбайға  табыстады.

 
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Автор: Елубай Әуезов
 
0
0
415

Осы тақырып бойынша

Қызылордада ауыл спортшыларының XXVIII «Алтын күз» спартакиадасы мәреге жетті - Yvision.kz