Қызылорда самбошылары әлем чемпионатынан жүлделі оралды
Қызылорда облысының самбошылары әлем чемпионатынан жүлделі оралды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазақстандық самбошылар Грекияның Салоники қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында командалық есепте екінші орын алды», — делінген хабарламада.
Әлемнің 27 елінен жиналған 500-ге жуық самбошы арасында қызылордалықтар, 44 келі салмақта жасөспірімдер арасында екі дүркін Азия чемпионы Гүлфайруз Наймантаева (№1ОМБЖОРМ) мен 72 келіде Мереке Құдайбергенова (Жаңақорған ауданы, Түгіскен елді мекені) қола жүлдені қанжығасына байлады. Мереке былтыр Латвияда өткен әлем чемпионатында үшінші орынды иеленген болатын.
Қос спортшыны жарысқа Жанар Дүйсекенова, Мақсат Оспанов пен Әбдісаттар Садықов дайындады.
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Автор: Жаңагүл Сердалы

