Қызылорда облысында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында тағы бір жоба қолдау алды
Іс бастаушы кәсіпкер Құрмантаева Ұлмекен Қызылорда қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсететін шағын әрі жайлы қонақ үй ашуды армандап келді. Жоспарын жүзеге асыру жайлы ақпарат алу мақсатында кәсіпкер «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шарттары туралы естіді. КҚКО кеңесшісі Гүлжан Ақатаева бағдарламаның шарттарымен таныстырып қана қоймай, кәсіпкер жобасын Екінші деңгейлі банкке қаржыландыруға дейін сүйемелдеу қызметін көрсетті. Нәтижесінде Қызылорда қаласындағы АТФБанк АҚ филиалы жеке кәсіпкер Ұлмекен Құрмантаеваның жобасын мақұлдап, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 6% мөлшерлемемен 18 млн теңге несие қаражатын бөлді.

«Мен жаңа бағдарламамен жеңілдетілген несие алғаныма қуаныштымын. Несие қаражатына 20 орындық шағын қонақ үйді ашып, қонақтарға таңғы ас, тегін Wi-Fi қызметі мен автотұрақ қарастырылған қызметтерді ұсынуды көздеп отырмын. Жобамның сәтті жүзеге асуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда мемлекетіміз тарапынан бастауыш кәсіпкерлердің стартап жобаларына көрсетіп жатқан қолдауына ризашылығымды білдіремін», - дейді жеке кәсіпкер Ұлмекен Құрмантаева.
Еске сала өтсек, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында бизнесті бастау немесе оны дамыту мақсатында Қызылорда облысы бойынша келесі Екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеуге болады: Сбербанк КазахстанАҚ, Halyk Bank АҚ және «АТФ Банк» АҚ. Бағдарламаға жұмыссыз, бастауыш және әрекет етуші кәсіпкерлер қатыса алады. Қаржыландыру бағыты -сауда саласының айналым қаражатын толтырудан басқа кез келген бизнес түріне беріледі. Несие бойынша сыйақы мөлшері 6% ғана.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша толық ақпарат алу үшін немесе өзге де кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар бойынша кеңесті «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан келіп білуге немесе 55-11-18 телефоны бойынша кеңес алуға болады.
