Қызылорда облысында 1011 полиция қызметкері Жергілікті полиция құрылымына енеді
Ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚР ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев келіп, жергілікті полиция қызметі моделінің таныстырылымына қатысты.
Жиынға облыс әкімі Қ.Е.Көшербаев пен әкім орынбасарлары, ОІІД басшылығы, облыстық мәслихат хатшысы, облыстық басқармалардың басшылары, видеоконференция арқылы аймақтың барлық деңгейдегі әкімдері мен аудандың ішкі істер бөлімдері бастықтары қатысты.
Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында Жергілікті полиция қызметінің мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекітетін құжат Қазақстан Республикасы Парламентімен қаралып, 2015 жылы 2 қарашада Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Министрдің орынбасары атап өткендей, жергілікті полиция қызметінің моделін құрастыруда ІІМ алдында полицияның құқық қорғаушылық потенциалының төмендеуіне жол бермей, жүйедегі оның тұтастығын сақтап қалу міндеті тұрды.
Қызылорда облысында жергілікті полиция құрамына учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандардың істері бойынша құрылымдар, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша құрылымдар, тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларды қабылдау-орналастыру бойынша құрылымдар, әкімшілік тұтқынға алынғандарды арнайы қабылдау орны, жол-патрульдік полициясы кіреді. Жалпы облыста жергілікті полиция 1011 қызметкерді біріктіреді. Ол өз жұмысын келесі жылдың 1 қаңтарынан бастайды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
