Қызылорда қаласының төңірегі жасыл желекпен көмкерілуде
"Хабар" ТА Қызылорда қаласының төңірегі жасыл желекпен көмкерілуде. Облыс орталығын шаңды желден қорғау мақсатында қолға алынған жобаға 879 миллион теңге бөлінген. Жалпы аумағы 467 гектар жерді орманды алқапқа айналдыру үшін мамандар тамшылатып суару технологиясын да қолданып көрмек.
Қызылордада «Жасыл белдеу» жобасы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Осы уақыт бедерінде 130 гектар жерге 102 мың түп ағаш көшеті отырғызылыпты. Кезінде тұзы мен шаңы көтеріліп жатқан тақыр жазық бүгінде орманды алқапқа айналып келеді. Мамандар ағаштардың тез тамыр жайып, көктеуі үшін Израиль елінде кеңінен қолданылатын тамшылатып суару әдісін қолға алуда.
Бауыржан Шаменов, Қызылорда облысы табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жалпы Израиль технологиясы әлемде өз тиімділігін көрсеткен. Мамандардың айытуынша, 80 пайыз шығымдылығы бар. Бүгін көріп отырған жасыл белдеу Қызылорда қаласында егіліп жатқаны 43 пайыз құрап отыр шығымдылығы. Енді мына тамшылатып суару қолданылған жағдайда біз 80 пайыз осындай жасыл белдеу құрып, өз нәтижесін береді деп күтіп отырмыз.
Сыр өңірінің сортаң топырағын көктету күрделі шаруа. Сондықтан, орманшылар аймақ табиғатына төзімді Сыр талы және қарағаштың қаламшаларын отырғызуда.
Жақсыбай Жалғасбаев, Орманды күзету және қорғау инженері:
- Осының отақтарын отап тұрмаса, бұған да бала сияқты күтім керек, бұл ағаштарға да. Бұл ағаштарды көшет дайындау технологиясы өзіміздің мекемемізде тұқымбағымыз бар. Соған жыл сайын өзімізден қаламша дайындап, келесі жылға дейін осы жерге егетін көшеттер сол жақта дайындалады.
Тұқымбақ күннен қуат алатын қондырғы арқылы суғарылады. «Жасыл экномикаға» үлес қоса отырып, электр энергиясын үнемдеуге көшкен бастаманың нәтижесі де бар.
Дастан Өтеуов, Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің директоры:
- Қазіргі таңда суды пайдаланып жатырмыз, су тапшы болған кездерде. Сағатына 7-8 куб су береді тиісті аумақтарды суаруға мүмкіндік бар. Тағы да бес жерге қондырғы қойғанбыз. Бірақ оған әлі қаражат бөлінбей, оларға да насос қойылса бұл тұқым бақтың ішін күн сәулесі қондырғысымен қолданысқа енгізуге болады.
«Жасыл белдеу» жобасы қарқынды жалғасын тапса, бірер жылда Қызылорда қаласы айнала жасыл желекпен көмкеріледі,-дейді табиғат қорғаушылар.
