Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қыз ұзату салты

Қазағымыз  ежелден  салт-дәстүрге бай ел.  Алайда, заман талабына сай әдет-ғұрпымыз ескіріп, қолданыстан шығып немесе  өзгеріске ұшырап, ұстанып келеміз.  Сәби шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, үлкен өмірге алғашқы қадамдар жасауы,  әртүрлі белестерден өту барысында салтымыз бен дәстүріміз алдымыздан шығады. Әлі күнге дейін қадірін жоғалтпай, ұстанып келе жатқан қыз бала өмірінде маңызды рөл атқаратын салтымыздың бірі «қыз ұзату».  «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру»  әр ата - ананың тілегі әрі парызы.  Отбасылық өмірге аяқ басып, жат жұртқа келін болып түспес бұрын бірнеше әдет - ғұрыптарымыз орындалуы тиіс. Естімеген елдe көп дегендей, кейбір салтымызды бірінші рет естуіңіз мүмкін, әсіресе жастар жағы. Қыз беру, қыз алу деген қазіргі жағдаймен айтқанда үлкен бір бизнес жоспар арқылы, инвестиция құя отырып жасалатын үрдіс.

Қалың мал дегенді естуіңіз бар әрине, ал той малы дегенді ше?! Келін алуға келген қадірлі құдалар дәстүр бойынша кәде жораларымен салтанатты тұрде келіп түседі. Ең басты кәденің бірі осы «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге байланысты. Әкелген мал арқылы құдалар қыздың әкесінен, атасынан немесе сол ауылдың ақсақалынан бата тілейді.

Ата бабаларымыз ұлын немесе қызын бесікте жатқан кезінде-ақ білісіп, көрісіп жүрген отбасымен атастырып қойған.  Ер жетіп, отау құруға дайын болған сәтте, күйеудің жарын көруге келуін «ұрын келу», қыздың атастырылған күйеуін көруін «қыз қашар» дәстүрі дейді. Бұл дәстүрге жас жеңгелер мен бүкіл жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Алайда, екі жас кездескеннен кейін құдалық бұзылатын болса, қазақ заңында ауыр іс болып есептеліп, соңы дауға айналады.

«Құйрық бауыр» салтына қатысты қазағым «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» мәтелін бекер айтпаса керек. Бұл рәсімнің орны бөлек, екі жақ құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сыйы әкелінеді. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.

Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төленген соң күйеудің атастырылған қалыңдығын көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі.

Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошеметпен өз үйіне апарады, сол сәтте ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» салты дейді.

«Күйеу киімі» салты бойынша жігіт басқа жігіттерге қарағанда ерекше киініп, алдынан шыққан жеңгелері мен жас қыз келіншектер киіміне қарап тануға тиіс болған. Мысалы, бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етіп киуімен ерекшеленген.

«Ау жар», «сыңсу», «қоштасу» ұзатылып бара жатқан ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес, алайда қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес, қуаныштан, қимастық сәтінің де белгісі. Сондықтан, «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүретін айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастайды.

«Сәукеле кигізу» салтының орны бөлек. Сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы, ақ босаға аттар кездегі қимас та қызықты кездің ескерткіші. Қалыңдыққа сәукеле кигізуге құдалар шақырылып, шашу шашылады, ақ бата арналады. Сәукеле бағасы да олқы болмайды.

Аушадияр - үйлену кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Өлеңнің айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы зор. Бірақ, қазіргі таңда айтылмай, халық жадынан шығып қалған дәстүрдің бірі.

Аушадияр бір болар,

Жаманның көңілі кір болар.

Ата анасын сыйлаған,

Ақ шалмалы би болар.

Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұл дәстүр «жігіт түйе» дәстүрі деп аталып кеткен.

«Өңір салу» (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар») жаңа түскен келінді туғандары, көрші көлемі көруге келу дәстүрін айтамыз. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту.

Біздің халқымыз үшін қызық пен қуаныштың ең бастысы қыз ұзатып, келін түсіру. Намысы бір қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме?! Қазағымның тойы бітпесін!

 
0
0
10892

Осы тақырып бойынша

Қыз ұзату салты - Yvision.kz