ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ЕХРО-2017 көрмесіне арналған халықаралық форум өтті
Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Болашақ энергиясы» атты халықаралық форум өтті.
Бұл – ЕХРО-2017 көрмесі қарсаңында әлемдік деңгейде ұйымдастырылған екінші шара. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар Астанада өтетін көрмеге атсалысуға әзір. Олардың барлығы «Астанадағы көрмеден адамзатқа пайда әкелетін тың жаңалықтар күтеміз», – дейді.
Астана ЕХРО-2017 көрмесінің бас ғимаратына қарап болашаққа үлкен қадам жасалғанын аңғару қиын емес. Сегіз бөлімнен тұратын үлкен кешеннің ішінде балама энергияның үздік үлгілері көрсетіледі. Көмір қышқылын ерекше әдіспен өңдеу арқылы ауаға зиянды қалдық шығармайтын америкалық компания да Астанадағы көрмеге қатысуға дайын.
Грасиана Чичилниски, Global Termostat компаниясының атқарушы директоры:
- Біз қазір Қазақстанмен екі бағытта келісімшарт жасасуға тырысып жатырмыз. Біріншісі – Америкадан тікелей өз өнімімізді Астанаға жеткізіп, ЕХРО көрмесіне қатысу. Сол сияқты жаңалықтарымызбен бөлісе отырып, Қазақстанда өз технологиямызды енгізгіміз келеді.
Парижде «Болашақ энергиясы» форумын өткізу оңай шаруа емес. Қазір Франция астанасында әлемдік климатқа қатысты конференция да өтіп жатыр. «Жасыл» технологияларды енгізуде Париждің беделі зор. Ал ендігі кезекте жауапкершілік жүгі Астанаға ауып отыр.
Шигео Катсу, Назарбаев Университетінің президенті:
- Табиғатқа залал келтірместен энергия көзін табу – қазір басты мәселенің бірі. Қазақстан – мұнай мен газға бай ел. Десе де «жасыл» технологияларды еңгізу арқылы біз бұл бағыттың қаншалықты маңызды екендігін дәлелдеп отырмыз.
Форумның басты ұйымдастырушыларының бірі – Назарбаев Университеті. Халықаралық мамандармен келіссөз жүргізуде тәжірибесі мол жоғарғы оқу орны ЕХРО кезінде де басты назарда болмақ. Мақсат – тиімді энергия көзін саралап, қолданысқа енгізу. ЕХРО көрмесінің бас павильонынан орын тебетін үздік балама энергия көзіне іріктеу Парижде басталып кетті.
http://gbpp.org/kz/2015/12/12838
