Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қытайдың жаңа басшысы – Си Цзиньпиннің жары кім? (ФОТО, ВИДЕО)

АСТАНА. 28 наурыз. BAQ.KZ – Қытайдың жаңа басшысы – Си Цзиньпиннің жары кім? Бұл сауалдың жауабын табу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлының «Егемен Қазақстан» газетінде былтыр қараша айында жарияланған «Қытайдың жаңа басшысы – Си Цзиньпин» атты мақаласының «Жаһандағы ең жақсы жар…» атты бөлімін толықтай көрсетуге болады.

 

«ҚХР-дың су жаңа бірінші ханымының аты-жөні Пың Лиюань (орыстар Пэн Лиюань деп жазады, негізі латынша транскрипциясы Peng Liyuan). Қытайда көптен танымал әйгілі әнші» деп жазады қытайтанушы-ғалым. Оның айтуынша Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен оның жары Пың Лиюань 1987 жылы бас құраған екен. «Олар үйленіп, жаңа өмірге аяқ басқан кезде, Си Цзиньпиннен гөрі, Пың ханым елге жаппай танымал болатын. Яғни, ол кезде Си бар болғаны Фуцзянь өлкесі Щямэн қаласы парткомының хатшысы, қала мэрінің орынбасары еді. Екеуін 1986 жылы Пың Лиюаньнің құрбысы Щямэн қаласында таныстырады. Сол кездесуде бірін бірі бір көргеннен құлай сүйген екеуі іштей «армандаған адамымды таптым», деп тарасады. Сонымен 1987 жылы үйленген екі жас ұзақ уақыт екі қалада тұрып келді. Олар Си Цзиньпиннің қызметі Орталыққа біржола ауысқан соңғы 6-7 жылдан бері ғана Бейжіңде бірге өмір сүріп келеді».


Бүгінде Пың Лиюань ханым Қытайдың әлемге әйгілі тенор әншісі, қазіргі заманғы Қытайдағы ұлттық ән өнерінің ең көрнекті тұлғасы, ҚХР ұлттық ән өнері мамандығы бойынша тұңғыш магистр, Қытай халық азаттық армиясының ең жас генералы, Бүкілқытай Саяси кеңесінің VIII, IX, X шақырылымдарының депутаты, ҚХР жастар бірлестігі төрағасының орынбасары, мемлекеттік І дәрежелі артист, ҚХР музыканттар одағының басқарма мүшесі, Бүкілқытайлық әйелдер бірлестігінің тұрақты жорасы, Қытай мемлекеттік консерваториясының профессоры, ҚХР әскери филармониясының көркемдік жетекшісі, халықаралық дәстүрлі ән фестивальдерінің бірнеше дүркін бас жүлдесінің иегері, т.б. толып жатқан бас айналар атақтар мен сыйлықтардың иегері бола тұрса да, ол осының бәрін отбасы бақытынан жоғары қоймайды. Пың ханым тілшілерге берген сұхбаттарында ылғи да: «Мен тек жұмысыммен, кәсібіммен ғана боламын, отбасы, бала-шаға керек емес дейтіндерді түсінбеймін. Әйел адам үшін отбасы асқар тау, жылы ұя. Менің де қытайдағы барлық шаңырақтар секілді қарапайым да бақытты отбасым бар. Ал менің күйеуім жаһандағы ең жақсы жар…», дегенді қайталаудан жалыққан емес.


Олардың Си Миңдзэ есімді бір қыздары бар. Миңдзэ бикеш қазір АҚШ-тың Гарвард университетінде оқып жатыр. Аталған оқу орнының Давид есімді профессоры тілшілерге берген сұхбатында ҚХР «ханшайымына»: «Өзге ел басшыларының балаларын былай қойып, Қытайдың басқа басшыларының балаларымен салыстырғанда Си Миңдзэ өзін өте қарапайым ұстайды, кішіпейіл де инабатты. Сабақ үлгерімі де өте жақсы», деп мінездеме береді. Осының өзі де жаңа төрағаның кісілік келбетіне қатысты көп жайдан дерек берсе керек,-деп жазады автор.

 

Суреттер мен видео ғаламтордан алынды.

 
0
0
574

Осы тақырып бойынша