Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қытайдың «Халық» порталындағы қазақтың қос азаматы

Бейжің. 18 қыркүйек. Baq.kz – Әңгімеміз Қытайдың алып порталы «Халық» торабында жұмыс жасайтын қазақтың қос азаматы төңірегінде болмақ. Аталмыш портал әлемдегі он үлкен газеттің бірі «Халық» басылымының сайттағы нұсқасы ретінде 1997 жылдың 1 қаңтарында ашылған. Қытайдағы аз санды 7 ұлттың тілінде және 8 шет тілінде ақпарат тарататын порталдың қазақ редакциясында Нұрғиса Құрманжанұлы және Асқар Жаңабекұлы есімді қандастарымыз отыр.


– «Халық» торабының қазақша редакциясында қашаннан бері жұмыс жасап келе жатырсыздар?
Нұрғиса: «Халық» торабынан қазақша ақпарат таратуды ең алғаш қазақ жазушысы, Мемлекеттік саяси кеңестің мүшесі, сіздерше депутат Әкбар Мәжитұлы мемлекеттік кеңесте «Халық» торабының қазақша нұсқасын ашуға ұсыныс жасаған. Содан 2009 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл ұсыныс іске асты. Сол жылы біз де оқу бітіріп осы қызметті жүргізу Асқар екеуімізге жүктелді. Сөйтіп «Халық» торабының қазақша беті төте жазуда оқырмандарымызбен жүздесті. 
– Екеулеріңізде де журналистиканы мамандығын бітірдіңіздер ме?
Асқар: әріптесім Нұрғиса Қытай коммуникация университетінің Қытай тілі мен әдебиеті мамандығын, ал мен Бейжің орталық ұлттар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдадым. 
– «Халық» торабының қазақ тіліндегі кирилл нұсқасын да көрген едік.
Асқар: Иә, төте жазуда ақпарат таратып бір жыл өткен соң кириллше нұсқасында да хабар тарата бастадық. Жасыратыны жоқ, кирилл әліпбиіндегі қазақшаны өзіміз сайттар арқылы үйренгендіктен торабымыздың кириллшесінде қателіктер көп кездеседі. Оған қоса, кирилл нұсқасына ақпараттар таңдалып қана салынады.
– Сіздер сонау қазақтар санаулы ғана қоныстанған Қытайдың бас қаласында тұрып қазақтарға қатысты ақпараттың шұрайлы ортасы Шыңжаңан мәліметтерді қандай жолмен аласыздар?
Нұрғиса: Біріншіден, біз тек қана қазаққа қатысты ақпаратпен айналыспаймыз. Торабымызда қытай тілінде жарияланған республикадағы барлық жаңалықтарды қазақшаға аударып отырамыз. Ал қазақтар жиі қоныстанған Шыңжаңнан ақпарат алу да қиынға түсе қоймайды. Шыңжаңда толып жатқан қазақ тілді ақпарат құралдары бар. Солардың сайттарынан сілтеме арқылы беріп отырамыз. Оның сыртында Шыңжаңдағы қазақ тілшілер ерікті түрде бізді ақпаратпен қамтамасыз етіп отырады. 
– Сіздер жұмыс жүргізіп отырған «Халық» порталы қазақша бетінің оқырмандары көп пе?
Нұрғиса: Шыңжандағы қазақ сайттарымен салыстырғанда көрсеткіш аса жоғары емес. Біз көбінесе ресми хабарларды жиі жариялаймыз. Бізбен тұрақты байланыста болатындардың дені осы Қытайдағы қазақтар. Кирилшені оқитындар Қазақстандағы және басқа елде тұратын қандастарымыз. Ол да аса көп емес. 
– Сайттарыңыз арқылы, онлайн сұхбаттар болатынын да байқадық?
Асқар: Иә, өте жиі емес, үш айда бір рет онлайн сұхбат ұйымдастырып отырамыз. Сұхбатымыз көбінесе зиялы қауыммен болатындықтан олардың Бейжіңге келген сәтін пайдалануға күш саламыз. Одан қала берсе Бейжіңде жұмыс жасап жатқан қазақтармен сұхбаттасамыз. Сұхбатта жеке тұлғалардың еңбектеріне тоқталумен қатар қазақ мәдениеті, өнері, әдебиеті және салт-дәстүрі жайлы да сыр шертіп отырамыз.
– Атамекенде болып көрдіңіздер ме?
Нұрғиса: Қызметіміз қарбалас болғандықтан әлі күнге барып көрмедік. Бірақ, Алла жеткізсе міндетті түрде баратынымыз анық. 
– Жұмыс бабымен жүріп отбасын құру туралы ойлайтын уақыт та болмайтын шығар ?
Асқар: Екеуіміз де бойдақпыз (күліп алды). Бейжіңде қазақ қыздары бар ғой, әрине. Деседе жұмыстың әбігерінде жүріп олармен кездесетін де уақыт шықпай жатады.
Нұрғиса: Қытай бойжеткендерімен үйлену туралы ойлаған да емеспіз, ондай ойымыз болса әлдеқашан үйлі-баранды болып алған болар едік.
– Болашақта үйленіп балаларыңыз болғанда оларды амалсыздықтан қытай тілді мектепке беруге мәжбүр болатындықтарыңызды ойладыңыздар ма?
Нұрғиса: Білмеймін... Ауылда қазақ мектептері бар. Біз балаларымызды оқытқанға дейін жабылып қалмаса, сол ауылға жібереміз. Алайда, ат байларымыз Атамекен болар деген бір ой тұрады көкейімізде.
– Ендеше, сол ойларыңыздың орындалып, Қазақ елінде өркен жаятын болыңыздар! Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен: Майгүл СҰЛТАН

BAQ.KZ

 
0
0
530

Осы тақырып бойынша

Қытайдың «Халық» порталындағы қазақтың қос азаматы - Yvision.kz