Қытайдағы қазақ жігіті қазақы тінтуір төсенішін жасап шықты
ҚЫТАЙ. 2 қазан. BAQ.KZ - Бізді ең алдымен «Сахара тінтуір сырмақшалары» деген атау қызықтырды. Қазақтың оюланған сырмағының үлгісін салған тінтуір төсеніштерін Қытайдың қиыр шығысына орналасқан Шандұң өлкесіндегі Қытай мұнай университетінің 4-ші курс студенті Берік Жәлелұлы әзірлепті.



Берік «тінтуір сырмақшаларымен» қоса қазақы өрнектер салынған жеңіл жейделерді, кілтке тағатын салпыншақтарды да жобалайды екен.
«Ең алғашында осыдан үш жыл бұрын өзім құрған WWW.KZSAHARA.COM сайтын жарнамалау мақсатында осы өнімдерді жобалап, кішігірім бір зауытпен келісіп шығара бастадым. Кейін өнімге деген сұраныстың артқанын байқадым. Сөйтіп қазіргі кезде жобалаған өнімімнің санын да арттырып Үрімжідегі және Алтай аймақтарындағы қазақы тауарлар сататын дүкендерге, тіпті Алматы қаласындағы кейбір дүкендерге де топ-тобымен жіберіп тұрамын. Сол арқылы тіршілігімді де қамдап, құрған сайтымды да асырап отырмын»,- дейді студент.
Майгүл СҰЛТАН
