Қытайда Құрбан айт концерті жыл сайын өтеді
ҚЫТАЙ. 19 қазан. BAQ.KZ - Шыңжаң телеарнасының ұйымдастыруымен жыл сайын үш бөліп өткізілетін Құрбан айт концерттік кеші 26 қазанда Қытайдағы көрермендермен көгілдір экранда жүздеседі,- деп хабарлайды Шыңжаң телеарнасының сайты.
Қазақ, ұйғыр, қытай ұлттары бірлесіп өткізетін құрбан айт концерттік кешімен қоса қазақ және ұйғыр ұлттары жеке-жеке өткізетін Құрбан айт концерттік бағдарламасын «Қытайдағы аз ұлттардың мәдениетін қорғау және қолдау» саясаты негізінде Шыңжаң телеарнасы бірнеше жылдардан бері үзбей ұйымдастырып келеді. Айта кету керек, Қытайдағы Шыңжаң (XJTV) телеарнасының XJTV-3, XJTV-8 арналары қазақтарға тиесілі болса, XJTV-2, XJTV-5 және XJTV-9 арналары ұйғырларға бұйырған. Олар өз тілдерінде күндіз-түні хабар тарату және әр түрлі тақырыптарда телебағдарламалар жасау еркіндігіне ие.
Қытай, ұйғыр, қазақ тілінде өткізілетін Шыңжаң жасанды серік арнасы 90 минуттық Құрбан айт концертін жақында Үрімжіде алдын-ала түсірді. «Отанды қызу сүйіп, Атамекенді гүлдендірейік» деп аталатын концерттік бағдарлама «Көрікті Атамекен», «Жарасымды орта» және «Тың тіршілікке бай Шыңжаң» сияқты үш бөлімнен құралды.
Аталмыш концертке Қытайдың өнер жұлдыздарымен қатар, қазақ және ұйғыр ұлттарынан шыққан танымал өнерпаздар қатысты. Сонымен қатар, соңғы жылдары көзге түсіп жүрген жас әншілер де осы концертте өз өнерлерін көрсетті.
Майгүл СҰЛТАН
