Қытай Қазақстанға 13 млрд долларға жуық тікелей инвестиция құйды
2005-2015 жылдары Қытай Қазақстанға 13 млрд долларға жуық инвестиция құйған, деді Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің бизнес форумы барысында «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасы Бөрісби Жанғоразов.

«Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық компания жұмыс iстейдi. 2005-2015 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына Қытай инвестицияларының жалпы ағымы 13 млрд-тан астам АҚШ долларын құрады және осы көрсеткiште үздiк 5 инвестор қатарына кiредi», - деді Б.Жанғоразов.
Оның айтуынша, өзара сауда жасауға қызығушылық артып келеді.
«Өзара сауданы жүзеге асырудың мүмкіндіктері өте көп, Қазақстан мен Қытай экономикасы сәйкес бола алады. Қазақстан Қытайға азық-түлік жіберуді жүзеге асырады, себебі Қытайда аталмыш тауарларды климаттық жағдайға байланысты өсіру қиын. Біз Қытайға шикізат жеткізе аламыз», - деді Б.Жанғоразов.
Сондай-ақ, компания жетекшісі бағдарламаның индустриялды-инвестициялық ынтымақтастығын атап өтті.
«Қазір оның құрамына 26 млрд доллардың 51 жобасы еніп отыр. Бұл бағдарлама бойынша 2 өндіріс іске қосылды. Бұл Павлодардағы полипропилен өндірісі зауыты мен Қостанайда автомобиль жинайдын кәсіпорын. Биыл тағы 4 жобаның құрылысы басталады. Астанада көлік жүйесін салу, өсімдік майы мен шағын автомобильді құрастыру кәсіпорыны. Келесі жылы тағы 3 ірі жобаның құрылысы басталады», - деді ол.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz
