Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қырықтың бірі...

Бұл оқиғаны маған сонау, Ақбастау ауылында артта қалған бала күндерімдегі қыстың ұзақ түндерінің бірінде нағашы әжем Күләш айтып беріп еді. Мән-жайын жете түсінбесем-де, бала кездегі көргенің мен естігеніңді заматында қағып алар жадтың арқасында әңгіме көкейімде әлі сайрап тұр.

Бұл оқиға ауданымыздағы Кеңес ауылында орын алған екен. Шамасы қазір жасы жетпістен асып кеткен әжемнің әкесі, кезінде молда болған Аймахамбет атамыздың жастау кезінде болғанға ұқсайды. Қазақ рухының қазығы болған ауыз әдебиетінің мықтылығының өзі осында ғой, қаншама жыл бұрын болған оқиға, ауыздан ауызға тарап осы күнге жетіп отыр.

Хош сонымен, әңгімемізді бастасақ ауылда жағдайы жұрт қатарлы, бірақ жұмыртқадан жүн қырыққан, қыңырлау бір кісі болған екен.

Бірақ ел іші алтын бесік, ауыл арасы емес пе, ағайындары оның жақсылығын асырып, жамандығын жасырып бірге тірлік еткенімен, ол отбасымен ауылдың шет жағын қоныс етіп, түтінін ұшырып, күн кешіпті. Ол кез бүгінгідей әр отбасы қырық пышақ болып, түрлі діннің ағымына азғындамай (ол кезде қазіргі қаптаған сектаның жоқ кезі) қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шақ болғандықтан балалары да әкелерінің айтқанынан шықпай, қойын құрттап, айранын ұрттап жүре бергенге ұқсайды.

Тіршілігі томаға-тұйық ауылда, қыстан қысылып шыққанда ең бір бой сергітетін шақ ол-Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы. Өмірге апыл-тапыл қадам басқан сәбилердің тұсауы кесіліп (қазір кей қандастарымыз бұл салтты «ширк» деп жүр, кім білсін?), аударыспақ, теңге ілу, бәйге, қыз қуу, қатын күрес, жаяу жарыс ойналып үлкендер жас кезін еске алып, жастар қыз-қыз қайнаған күштерін бір көрсетіп желпініп қалар бір күндік қуаныш.

Сол бір күннің өзі қаншама әңгіме мен ұлттық ойындарда қопалдық танытқан әумесерлердің қытығына тиер қыжыртпа қалжыңдарға сеп болады. Күн мен түн теңелген мейрамнан соң, бар үй Қыдыр атаны күтуге дайындалады. Әйелдер үйлерін жылан жалағандай тазалап, еркектер қора-қопсысын түзеп қыс бойы жиналған қоқым-соқымдарынан құтылады.

Бұл кез нағыз ғажайыптардың орын алатын уақыты. Өмірде ешнәрсеге сенбейтіндер қазіргі кезде «қыртымбайлардың қыртатын уақыты» деп жүр ғой, кім білсін әркімнің өз, ақиқаты өзінде емес пе?

Жоғарыда айтқан кейіпкеріміз-де, елмен бірге Наурыз тойына қатысып, үйіне ертерек келіп, май шамның өлеусіреген жарығымен әйелімен әжік-күжік әңгімесін айтып, наурыз көжесіне шайын қосып сораптап отырса керек. Шиқылдай ашылған есігінен, «Ассалаумағалейкум! Наурыз құтты болсын!» деп әндете сәлемдесіп біреу кіріп келеді. Қараса ауылдағы қатарлас құрдастарының біреуі болып шығады. «Сенің де жүрмейтін жерің жоқ екен, екі кештің ортасында сандалып жай жүрмісің" деген сұрағына ол «Өздерің, өлеусіреген май шамның жарығында не істеп отырсыңдар» деп сауалмен жауап береді. Үй иесі «Е, отырмын сол Қыдыр атаны күтіп, жыл сайын күтеміз әлі келген жоқ, оның орнына салаңдап сенің жүрісің мынау» деп нали жауап қатады. «Құрдас-ау Қырықтың бірі қыдыр демеуші ме еді? Мұның не, мүмкін Қыдырдың өзі дәл мына мен шығармын» дейді. «Сенде бір қайдағыны соғады екенсің, қараңды батыршы тезірек» деген құрдасына, ол «Кімнің кім екенін қайдан білесің, мейрам күні адамды сөйтіп сөгуге бола ма» деп келген қонақтың көңілі түсіп кетсе керек. Сонда барып, наурыз көжеге кекіре тойып отырған үй егесі «Жарайды, кім екеніңде шаруам қанша, үй-ішімізбен Қыдыр атаны күтіп отырмыз, мықты болсаң қыстан күлді-көмеш болып шыққан пешті қатырып кетші. Басқасын ертең көре жатармыз» деп жантая кетеді. «Әй, әй мейлі еркің білсін» деген қонақ аяққа отырмастан жөніне жүре береді.

Ертеңіне таңертең оянса «О, тоба» мұндай да ғажап болады екен ау! Қыстан қырық-құрау болып шыққан пеші мұнтаздай болып сыланып, әктеліп тап-таза болып тұрады. Сонда ғана барып санасына сәуле жүгірген ол «Қап, қап» деп санын соққан екен. Өкінгенмен пайда жоқ. Ауылдың үлкені, рулас, ақсақалға тұра жүгіріп болған оқиғаны баяндайды. «Енді өкіндің не, қайғырдың не, пайда жоқ. Бірақ Қыдыр бақты пешіңе дарытыпты. Енді үйіңдегі бар жақсылық содан тарайды» деген, ақсақал сөзін қорытындылапты.

Кейін ол кісінің тасы өрге домалап, қойлары егізден туып, ауылдағы алдыңғы қатарлы үйге айналыпты.

Бірақ сол бір кездегі Қыдыр болып келген қонаққа көрсеткен өзінің оспадарлығы үшін өмір бойы бармақ тістеп өтіпті.

Бұл адам сенбес оқиға болар, бірақ Алла жаратқан он сегіз мың ғаламның құпиясының бірі екені-де анық. Біз естігенімізді қаз-қалпында қағаз бетіне түсіруге тырыстық, ешнәрсе ойдан қоспадық.

Алайда қалыс айтса да, қалып айтпайтын қазақтың «Қырықтың бірі-қыдыр» дейтін даналығы рас болар. Қазіргі қарбаласы мол, бүгін бар ертең жоқ қым-қуыт заманда, кімге-де болсын исі мұсылман баласына қолдан келсе төрге шығарып, аузына асыңды тосқанға не жетсін.

P. S. Жоғарыда аталған жер-су атаулары өмірде бар болғандықтан, және кейіпкерлеріміздің бүгінгі кездегі ұрпақтары өз ата-бабасын танып жатса алдын ала кешірім сұраймыз. Өмірде не болмайды бірақ жасаған қайырымдылығың мен қараулығың бар уақытта тірі болсаң алдыңды кес-кестеп, ата-баба салған сара жолмен кетсең артыңдағы шаң басқан жолдың бірі болып қалады емес пе?

0
0
1692

Осы тақырып бойынша

Қырықтың бірі... - Yvision.kz