Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экодәлізі киіктердің өсуіне қолайлы

Алғаш рет Қазақстанда құрылған «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәлізі киіктердің емін-еркін өрістеуіне үлкен мүмкіндік болып отыр дейді ҚР ҚОСРМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жануарлар әлемі басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев.

Соның арқасында Қазақстандағы қорғауға алынған дала экожүйелерінің аумағы енді 2,4 млн. гектардан 4,8 млн. гектарға дейін ұлғайды. Жалпы ауданы 2 млн. гектардан асатын табиғи дәліз Ырғыз бен Торғай, сондай-ақ, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумақтарын қамтиды.
Киік әлемде үш-ақ мемлекетте – Қазақстанда, Ресейде және Моңғолияда ғана бар. Қазақстандағы киіктер үш популяцияға бөлінеді: Бетпақдала популяциясы – Қазақстан аумағында ғана жүреді. Негізгі шоғырланған жері – Орталық Қазақстан. 2014 жылғы мәлімет бойынша бетпақдала киіктері 216 мыңнан асқан.

Бақытбек Дүйсекеевтің айтуынша үстірт киігінің азаюына негізгі себеп заңсыз аңшылық пен мұнай-газ өндіру ісінің химиялық залалы.

«Егер киікке ешкім тимесе, бас-аяғы екі-үш жылда жарты миллионға дейін жеткізуге болар еді. Шындығына келгенде, киіктің көбеюіне табиғи аурудан гөрі адамның қастығы көбірек зиянын тигізіп отыр» дейді басқарма басшысы.

Өткен аптада ғана Ақмола облысы бойынша браконьерлер мүйізін алу үшін 73 бөкенді атып өлтіргені анықталып отыр.

Бұдан басқа, жоғалуға жақын қар барысын сақтау және көбейту мақсатында осы жылдан бастап алғаш рет Қазақстан шет мемлекеттер – Қырғызстан, Қытай, Өзбекстанмен бірлесе жұмыс істемекші.

http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/07/105-43/

0
0
542

Осы тақырып бойынша

«Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экодәлізі киіктердің өсуіне қолайлы - Yvision.kz