Қымбатты оқырмандар!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикамыздың көпұлттылығы дағдарыс пен тұрақсыздықтың басты факторы ретінде саналды. Мемлекет басшысының шын мәніндегі сарабдал саясаты мен халқымызға тән даналықтың арқасында аталған қауіп-қатер сейіліп қана қоймай, артықшылығымызға айналды. Бейбітшілік пен келісім қазіргі Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктерінің негізін құрайды. Өткен жылы бүкіл әлем ЭКСПО – 2017 көрмесінің ауқымды деңгейде өткендігіне таңданыспен қараса, осы жылы біз жаңа елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтеміз.
Республикамызда этностық және конфессиялық ерекшелігіне қарамастан барша адамға заң және іс жүзінде тең жағдай жасалып отыр. Әрбір адамның өзін қоғамның әр алуан саласында сынап көруіне мүмкіндік бар. Мәселен, сот жүйесінде 24 этностың өкілі жемісті еңбек етуде. Қазақстанның бірегей этносаралық моделіне деген қызығушылық халықаралық қауымдастық тарапынан күн санап артып келеді.
Елімізде 1 мамыр мерекесін атап өту тамаша дәстүрге айналған. Республика көлемінде халықтық серуен, салтанатты іс-шаралар мен концерттер өтіп, оның аясында елімізде өмір сүретін барлық этнос өкілдерінің мәдени ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға болады.
Осы күні баршаңызға ашық аспан, зор денсаулық, құт-береке, табыс пен молшылық тілеймін!
Баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасы барлық отандастарымыздың игілігі үшін көркейе берсін!
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Ж.Асанов
http://sud.gov.kz/kaz/news/kymbatty-okyrmandar-2
