Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әйелдер күшейіп барады...

Ай,еркектер, ойланайық! Мен гендерлік саясаттың сап түзегенін мына Лондон Олимпиадасынан анық байқадым. Әйелдер бұрынғыдай емес, күшейіп кеткен. Еркек кінділіктілерге дабыл қағатын кез келді. Бұлай бола берсе, ІІІ дүниежүзілік соғыс дінаралық емес, нәсілдік те емес, әйелдер мен еркектердің арасында орнайтын секілді. Сол үшін бәрін алдын-ала ауыздықтайық.

Көгілдірлерің еркек кейіпке қайта енбесеңдер, нәзіктерің жігіттіктеріңді естеріңе түсірмесеңдер, қатынжандыларың бір сәт ерге тән биіктіктеріңді сезінбесеңдер, көпсөзділерің әйелдің алдындағы әлсіздігіңді көрсетпей, бір сөзбен нүкте қойып, шешуші рөл атқармасаңдар болмас. Боркеміктерің Алла сені еркек қып жаратқанына шүкіршілік айтып, еңсеңді тікте. Ал, қайраттыларың мен табандыларың, батырларың мен жүрекжұтқандарың осы бағыттарыңнан таймаңдар, қайта күшейе түсіңдер. Әйелдерге қарсы құпия қаруымыз осы болсын!

Қыздардың миссиясы басқа бүгін. Бұрынғыдай жігіттерге ұнау үшін сұлуланып, ажарланып, нұрланып жүру екінші орынға қалған. Олардың қазіргі бағыты – еркектер істей алатынның бәрін игеру. Байқайсыз ба, көлік те жүргізеді, халықты да басқара алады. Үй салып, пайда табады. Қысқасы, ерлерге қарағанда әйелдер жағы өмір сүруге бейімді әрі қабілетті. Не үшін? Бұған не себеп? Өйткені, олардың көбі некеге сене бермейді. Сол үшін күйеуі тастап кетіп жатқан жағдайда шаңырағын шайқалтпай, перзенттерін адам қатарына қосуға асығады. Одан қалды, күйеуінің тапқан табысына, нанымсыз еңбегіне көңілі толмайтындар көп. Сондықтан, бар жауапкершілікті отағасына ғана артып қойып, үйде қол қусырып отыра алмайды. Біз, еркектер әлсіреп барамыз. Қыздың намысына тиіп, қатынға қол көтеру әйел баласын қаншалықты төмендетсе, соншалықты өмірге бейімдеп, әл беріп жатыр. Жә, көп сөзді қоялықшы...

Олимпиаданың шымылдығы түрілген күннен бастап көз алмай қарап келемін. Әйелдер спорттың барлық түрлерінен бар. Тіпті, кейбір жаттығуларын еркектердің өздерінен артық орындап жатыр. Ту ұстап шығып жатқандардың дені әйелдер. Ресей тарихында тұңғыш рет әйелге (Мария Шарапова) Ту көтергізіп қойды. Қазақстан еншілеген үш алтынның да екеуін қоржынға салған Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло секілді «нәзік жандылар». Ал, бара салып қайтуға «жолдама» алып жатқан спортшылардың дені ерлеріміз.

Тіпті, Нур Суриани Мохамад Таиби есімді малай қызы құрсағындағы сегіз айлық баласына қарамастан Олимпиадаға барды. Нағыз жанкештілік те әйелдер арасынан шығып жатыр. Рекордты да жаңартып жатқандардың дені әйелдер. Әйелдер расын да күшейіп барады...

4
9
1170

Осы тақырып бойынша

Әйелдер күшейіп барады... - Yvision.kz