Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ядролық қарусыз әлем және заманауи қауіпсіздік

Қазақстан қазіргі заманның өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымына да дәл осындай мәртебемен енді.

Кезінде Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналға иелік етті, ол Франция, Ұлыбритания және Қытайдың сол кездегі ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен де артық болатын.

Батыс елдерінің басшылары елімізге ядролық қарудан бас тарту жайлы ұсыныс жасағанда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында бүкіл бір халықтың тағдырын шешетін таңдау тұрды. Мұндай қуатты әлеуеттен бас тарту үшін де үлкен саяси ерік-жігер керек еді.

1991 жылы қабылданған салихалы шешімнің арқасында Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Тағдыршешті таңдау Қазақстан Республикасына үлкен бедел сыйлады.

Мәселен, 1992 жылы Лиссабонда ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде «Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу» жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанға бедел сыйлады. Сонымен қатар елімізге БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары мінберінен халықаралық қауіпсіздік саласындағы жеке бастамаларын көтеруге моральдық құқық берді.

Ядролық қаруды сынауды толық тоқтату жөніндегі Қазақстанның табанды позициясы және іс жүзіндегі қадамдары әлемдік қоғамдастықтың үлкен құрметіне бөледі.

1996 жылғы 30 қыркүйекте Сыртқы істер министрі Қазақстан атынан Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қойды (ЯСЖТШ).

Қазақстаннан басқа оған қол қойған 160 мемлекет қатысушылары бар, еліміз тарихи құжаттың жасалуына лайықты үлесін қосты. Осы мәселедегі біздің республикамыздың принципті ұстанымы және нақты қадамдары кеңінен мәлім және қолдау тауып жүр.

2001 жылы 29-30 тамызда Алматыда өткен «ХХІ ғасыр: ядролық қарудан азат әлем жолында» атты халықаралық конференцияда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары В.Петровский: «Халықаралық қоғамдастық үшін Қазақстан жауапты саяси ерік-жігермен, салмақты сөзбен және нақты істермен адамзат өзін өзі жоятын құралдардан ғаламшарды қалай азат етуге болатындығының жарқын мысалын көрсетті»,-деп мәлімдеді.

Ядролық қаруды таратпау режимін нығайту саласындағы Қазақстан басшылығының белсенді рөлі, осы саладағы жасалған барлық халықаралық келісімдерге біздің мемлекетіміздің адалдығы жоғары бағаланды.

29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Дәл осы күні 2019 жылы ел астанасында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» табысталды.

Әлем елдері Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолында қандай қадамдар жасағанын жақсы біледі.

Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастыққа бейбітшіл бастамамен танылды. 29 жыл бұрын қабылданған шешім «тыныштық пен бейбітшіліктің» символына айналды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында ҚР Президенті Қ.Тоқаев кезіндегі Елбасы Н.Назарбаевтың сардарлы саясатын жалғастырып, қарусыздандыру және атомдық қарудан бас тарту саясатын одан әрі жүргізді.

Себебі, кейбір мемлекеттер атом бомбасын әлі де сыртқы саясаттағы белгілі бір әлеует, қоқан-лоқы немесе әскери күшін басқаларға байқату ретінде қолдануға тырысады.

Біздің еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың пікірі бойынша, бүкіл планетада атомдық қаруы бар мемлекет қалмауы керек. Бұл- әлем мемлекеттерінің күн тәртібінде тұрған басты мақсат.

Менің пайымдауымша, дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттер неғұрлым атомдық қарудан тезірек және толықтай бас тартса, әлемді бейбітшілік бесігі тербетіп, ғаламшардағы қауіпсіздік мәселесі түбегейлі шешілер еді.

Бұл ойымның құрғақ қиял екенін анық түсінемін, дегенмен де бейбітшілік көгершіні, шынымен де қауіпсіздік хабаршысына айналар күн тезірек туғанын қалаймын.

0
0
1273

Осы тақырып бойынша

Ядролық қарусыз әлем және заманауи қауіпсіздік - Yvision.kz