Ықылас пен шын ниет туралы.
Осыдан үш жыл бұрын қаладағы бір компаниялардың бірінде қызмет етем. Бізге Ұлттық спорт түрлерін суретке түсіруге тапсырыс түсті. Соны орындау мақсатында бірнеше күн түсірілімдермен өтті. Дәл осы себеппен Астана маңайындағы Софиевка ауылына жолым түскен болатын. Нәтижесінде осы Софиевка ауылы мен құсбегі Күнтуған және оның өз ұлтына деген шын ықыласы менің жүрегімде қалды.

Менің ойымша дәл осындай қарапайым, өзінің сүйікті ісіне жан-тәнімен берліген кісілер ұлттың жанын, санасы мен ниетін тәубесіне келтіреді, еңбегінің жемісі арқасында халқының мәртебесін көтереді, өз ұлтының (смартфон ұстаған, Android пен IOS-қа санасы уланған біздердің емес) шынайы кейпін сақтайды. Ия, дәл солай. Шетелдік фотографтар, саяхатшылар басқаны емес, осы кісілерді көру үшін, суреттерін түсіру үшін, өз еліне көрсету үшін іздеп асығып келетіні де содан. Сенбесеңіз Google.com арқылы "kazakh" cөзін теріп, нәтижесінде табылған суреттерге назар аударыңыз. Дәл осындай өз ұлтының жанашырлары қызықтырады шетелдіктерді.

Күнтуған ақсақалды еліміздің барлық саятшылары сыйлайды. Сыйлайтындай кісі болатын. Фотосессия барысында бірден байқадым. Мінезді, текті кісі, барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын. Кеңес сұрағанға бар көмегін көрсететін. "Мәрт кісі" дейді ондайды.

Үш ұлы жанында, әкесінен мұра болып қалатын ісімен олар да жанын беріп айналасып жүр. Барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын ақсақал біз танысқан жылы Еліміздің үздік құсбегісі атағын алды. Бүркітшілер ұрпағы болған Күнтуған ақсақал өзінің үш ұлына аманат етіп өзінің осы сүйікті ісін қалдырды. Тоқтыбаевтар әулиеті атадан балаға құсбегілік өнерін дарытып жүр.

Бүгінде Күнтуған құсбегі арамызда жоқ. Алайда оның ұлдары әкелерінің ісін жалғастыруда. Бүгін Астанада Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы Республикалық құсбегілер жарысы өтті. Ұымдастырған ұлдары мен Ұлттық спорт түрлері ассоциациясы, Мәдениет және спорт министрлігі.

Жарысқа 10 облыстан 18 бүркітші қатысты. Келген көрермен де аз болмады. Соңғы жылдары бұл саятшылықтың түрі көпшіліктің назарында.

Бірнеше сағатқа созылған сайыстың нәтижесінде 5 бүркітші ақтық сыңға түсті.

Нәтижесінде ақтық сыңда төрт қыран бірдей ұпай санын жинап, қосымша сайыс ұйымдастырылды. 300 метр қашықтықта тұрған құсбегінің қолына қай бүркіт жылдам жетсе, жеңімпаз атанатыны шешілді.





Нәтижесінде жеңімпаз атанған Жамбыл облысы, Меркі қаласының жас бүркітшісі Бабажан Бағдаулет (қыранның аты Қапсалған).

Екінші орынды Астанаың қатысушысы Нұрмушев Зарлық иеленді (бүркіттің есімі Тұйғын)

Ал үшінші орынды Павлодардан келген Искаков Бекболат мен бүркіті Ақзар жеңіп алды.





Осы постты дайындап отырып Күнтуған ақсақалдың керемет өлеңін тауып алдым. "Қыран құстың сипаты" деп аталады.
Аулақпын деп айтудан мен білемін.
Келмейді кейбір сөзге сенгілерім.
Өмірде көргенімді естігенді,
Айтайын қыран құстың белгілерін.
Бүркіттің жолықсаңыз тектісіне,
Кейбіреу мән бермейіді бек түсіне,
Түлегі жақсы болса жүні қалын,
Түлкінің шыдайды екен тепкісіне.
Жасымнан қыран құсқа болдым құштар,
Тілеп ұшып, қырдан түлкі ұстар.
Даланың сербендесі көк тәңірі,
Мыңнан бірі қолға түсер ондай құстар.
Күнтуған Тоқтыбайұлы.

Нағыз қыран құстың сипаттамасын өлең шұмақтарымен жеткізе білген ақсақал болашақ құсбегілерге оқулық қалдырып үлгерді. "Бүркіт" атты методиқалық кітап.
Бұл кісі туралы толығырақ мына бейнематериалдан білуге болады. Көруге кеңес беремін.
https://www.youtube.com/watch?v=JvsZMuzre7c
