“Work and Travel” – менің тәжірибем
«Work and Travel USA» - ең танымал халықаралық студенттік бағдарлама, ол сізге АҚШ-та бірнеше айлар бойы қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жыл сайын мамырдан қыркүйекке дейін әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған студенттер осы ерекше бағдарламамен АҚШ-қа сапар шегеді. Бүгінде бағдарлама 40-тан аса елде өте танымал болып келеді. Бұл – америкалықтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен танысып, шетелден тәжірибе жинақтап, Американы көріп, ағылшын тілін жетілдіргісі келетін студенттерге арналып құрылған теңдесіз халықаралық байланыс бағдарламасы. Оның үстіне сәті түссе, жастарға қомақты қаржы табудың көзі.

Бұл бағдарламаға 2019 жылдың жазында қатысқан болатынмын. Шетелге барып, жұмыс істеу сәті болады деп еш армандаған емеспін. Достарым баратын болғандықтан, маған "ағылшын тілін жақсы білесің ғой, бізбен жүр" деп ұсыныс білдірді. Сәл ойланып, ата-анамнан сұрап көрейін деп шештім. Бұл туралы бұрын тек сырттай естіген едім. Отбасыма түсіндіріп, жалақысы сағатына 12 доллардан басталады екен, жақсы ақша тауып келемін деп рұқсат алдым. Сөйтіп, жаз айларын АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Кэйп-Код қаласында “Cape-Cod Sweat and T-shirt Outlet” аталатын киім сататын дүкенде қызмет көрсетумен өткізген болатынмын. Бұл мен үшін бақытты күндер болған еді, себебі кішкентай кезімнен армандаған жерлерді көріп қайтқан болатынмын және үлкен тәжірибе жинадым. Ал енді осы “Work and Travel” бағдарламасы жайында ақпаратпен таныстырып, өз тәжірибеммен бөлісіп кетейін.
Бағдарламаға қатысушы АҚШ-тан өзге елде жоғарғы оқу орнының студенті болуы шарт. Сонымен қатар құжат тапсыратын кезде тым болмаса оқудың бір семестрін аяқтауы қажет, ағылшын тілін жақсы меңгерген болуы тиіс. Егер сіз осы талаптарға сай болсаңыз, онда сіз Америкаға баруға мүмкіндігіңіз бар.
АҚШ елшілігінің сайтында "Work and Travel" бағдарламасымен жұмысқа жіберетін агенттіктер көп. Америкаға жұмысқа барғысы келетіндер алдымен осындай агенттіктердің көмегіне жүгінуі қажет.
Олар:
* AirTravel International Kazakhstan;
* Columbus Exchange;
* Corvette Center;
* International Exchange Center;
* Kazakhstan Council for Educational Travel (KCET);
* Opportunity Language School;
* Work and Study Abroad.
Бірақ та, олардың бәрінің шарттары бірдей емес. Мысалы, кейбір компаниялар құжаттарды рәсімдеп, барлығын ұйымдастырғанымен, жұмыс тауып бермейді. Ал кейбірінің ұсынатын қызметіне жұмыс, тұратын үйді тауып беру ғана кіреді.
Бағдарламаға тапсыратын құжаттар тізімі:
* Туу туралы куәліктің көшірмесі;
* Жеке куәліктің көшірмесі;
* Төлқұжаттың көшірмесі;
* Ақ фонда түсірілген, көлемі 5х5 екі фотосурет;
* Оқу орнынан анықтама;
* Бағдарлама демеушісінің анкетасы;
* Үлгі бойынша толтырылған түйіндеме.
Бағдарламаға құжат қабылдау жыл сайын қыркүйек айында басталады, себебі АҚШ елшілігінде бекітілген мерзім бар. Онда қыркүйектен наурызға дейін жүргізілуі тиіс деп көрсетілген. Алайда жыл өткен сайын өтініш білдіретін студенттердің саны артып жатқандықтан, белгіленген орындар қазан, қарашаға дейін-ақ толып қалады. Сондықтан ерте қамданған жөн болып табылады. Бұл бағдарлама бірнеше шарттардан тұрады: бағдарламаға тапсырыс жасау; алдын ала жұмыс, яғни “Job Offer” табу; визалық сұхбатты сәтті өту; т.б.

Негізінде “Work and Travel” бағдарламасы екі бөлімнен тұрады, оның бірінші бөлімі – жұмыс уақыты. Студент тұратын елге байланысты бағдарламаның ұзақтығы әр түрлі болуы мүмкін. Қазақстандық әрбір студент тек 1- маусымнан 1- қыркүйекке дейінгі мерзімде жұмыс істеуге құқылы, әр студент жазғы сессияны өткізу жоспарына және жеке жоспарларға сәйкес жұмыс күндерін жеке таңдай алады.
Сонымен қоса, әрбір студентке жұмыс ағылшын тіліне, кәсіби шеберлігіне және жұмыс тәжірибесіне қарай жеке таңдалады. Ағылшын тілі меңгерімі неғұрлым жақсы болса, жұмыс шарттары да жақсы болады. “Work and Travel” бағдарламасы бойынша студенттер қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Негізінен, бағдарламаға қатысушылар дүкендерде (сатушы, кассир), мейрамханаларда (аспазшы көмекшісі, даяшы көмекшісі, даяшы және т.б.), қонақ-үйлерде (техникалық жұмыскер), ойын-сауық саябақтарында (құтқарушы, ойын-сауық операторлары, кассир мен сатушы және т.б.) қызымет етеді. Кейде американдық жұмыс берушілердің өздері Қазақстанға студенттермен жеке сұхбат жүргізу үшін келеді. Осындай жағдайда тікелей американдық жұмыс берушіге өздеріңізге қызықты сұрақтар қоюға болады. Жұмыс берушілердің басым көпшілігі (шамамен 80-85%) дайын тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Оны сіз толығымен ақысыз немесе еңбек жағдайларына байланысты төлей аласыз. Тұрғын үймен қамтамасыз етпейтін, бірақ баспана табуға қол ұшын созатын жұмыс берушілер де бар. Егер сіз үшін баспана факторы маңызды болса, сіз осындай жағдай ұсынатын жұмыс берушіні таба аласыз.
Америкада төлем картасыз жүру мүмкін емес. Бұл жерде жалақы пейчекпен төленеді, яғни қағаз түрінде аласыз. Осыдан кейін төлем картаға аударылуы керек. Америкада төлем картасын ашу тегін болып табылады. Елден апарған қосымша қаржыны да соған салып қойған жөн юолып келеді, себебі онда барлық қызметтер картамен төленеді. Төлемдер үшін ешқандай комиссия алынбайды.
Жұмыс берушілер тарапынан ешқашан қысым болған емес, жұмыс болғандықтан талап бар. Ол жерде тек жергілікті халық емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қызмет етеді. Мен жұмыс істеген дүкеннің өзінде Малайзия, Қытай, Бразилия, Болгария сияқты елдердің студенттері жұмыс істеген болатын. Онда ешкім "Сен ағылшын тілін білмейсің" деп айтпайды, сырттан келгендерді кемсітпейді. Басшы, яғни жұмыс беруші америкалық азамат болса, ол әрдайым көмектеседі, жұмыстан кейін үйіңе дейін жеткізіп тастайды немесе тегін велосипед береді. Осылайша, жұмысшыларына қолайлы жағдай жасайды.
Егер сіз сапарға жұмсаған барлық ақшаңызды қайтарып қана қоймай, Америкаға бару үшін аздап ақша тапқыңыз келсе, сізге еріңбей көп еңбек ету керек болады. Мен таңертеңнен кешке дейін, кейде бірнеше апта қатарынан демалыссыз жұмыс істедім. Жұмыста болған шаршау және қиындықтарға қарамастан мен Американы зерттегім келді, сондықтан мен бәрін көруге және әр бос минутты үйден тыс өткізуге тырыстым. Осылай әр бос күндерім болғанда достарыммен жақын орналасқан басқа қалаларға барып қайтқан болатынбыз. Сонымен қатар, бұрын орындалмастай көрінген өзім сүйіп тыңдайтын әлем жұлдыздарының (Ариана Гранде, Шон Мендес) концерттеріне барып қайтқан болатынмын.

Жұмыстың соңында әр студент бағдарламаның екінші бөліміне - саяхатқа құқылы болып келеді. Сапар 30 күнтізбелік күнге созылуы мүмкін, әр студент өзі үшін сапардың мерзімін және бағытын өзі таңдайды. Студент жұмыстан кейін бірден саяхатсыз өз еліне қайтуға да құқылы. Саяхат кезінде студент жұмыс істеуге құқылы емес. Әр студент Монтана немесе Калифорния ұлттық саябақтарына, Гранд каньонға, ұйқысыз Лас-Вегасқа, экзотикалық Гавай аралдарына барып немесе Орталық саябақта таңертеңгілік жүгіруді ұйымдастыра отырып, Америкамен жақын таныса алады.
Достарыммен Қазақстанға оралар алдында екі апта демалуға үлгере алдық. Ғаламторда сіз кез-келген талғамыңыз және бюджетіңізге қарай Америкада саяхат ұйымдастыратын компанияларды таба аласыз. Мен Калифорнияға барып, Гранд каньонды көріп келген едім. Сонымен қатар Лас-Вегас, Лос-Анджелес, Сан-Франциско секілді қалаларда да болып қайттық. Турдың құнына (шамамен $ 750) трансфер, қонақүйлерде түнеу, таңғы ас және экскурсия кірді. Біз үйге Нью-Йорктен ұшатынбыз, сондықтан біз осы қалада басталып және аяқталатын турды таңдадық.
Батыс жағалауында орналасқан қалалардан басқа Америка Құрама Штаттарының астанасы - Вашингтонда болдық. Барлық әйгілі көрікті жерлер - Ақ үй, Линкольн мемориалы, Капитолия, Вашингтон монументі - бір-біріне жақын орналасқан. Егер сіз қаланың атмосферасына толықтай енгіңіз келсе, жаяу серуендеуге барыңыз. Бұл өте тамаша сезім - бұған дейін тек фильмдерде байқаған нәрселерді шынайы уақытта өз көзіңізбен көру.
Келесі барып қайтқан қалалардың бірі - Бостон болған еді. Ол біз үшін тыныш, таза және жайлы қала болып көрінді. Harvard, MIT сияқты әлемнің танымал, беделді, мәртебесі жоғары университеттерін өз көзімізбен көріп, ерекше бір сезімге бөлендік. Егер мен Америкада өмір сүргім келсе, Бостонды таңдар едім.

Бостандық қоңырауын көру үшін біз Филадельфияда тоқтап, Ниагара сарқырамасына бардық. Бұл таңғажайып көрініс, сіз адамның елеусіздігі мен табиғаттың ұлылығын сезінесіз. Бұл сіз мәңгі көргіңіз келетін ерекше сұлулық.

Сондай-ақ экскурсиямыздың соңғы нүктесі Нью-Йоркта болып қайттық, ол бір уақытта мені жаулап алып, көңілімнен шықпады. Әрине, бізді Манхэттен, Эмпайр-Стейт ғимараты, Бродвей және жарқыраған Таймс алаңы көрінісі, Орталық саябақтың үлкендігі және кішкентай ландшафттық алаңдардың жайлылығы таң қалдырды. Бірақ Нью-Йорктің басқа да жағы бар. Таңертең жол бойында жататын қоқыс салынған үлкен сөмкелерді, ал кешкісін Чайнатаунның айналасында жүгіретін егеуқұйрықтарды және McDonalds-та ұйықтап жатқан көптеген сансыз панасыздарды көресіз.
Қорытындылай келе, әр студентке осы бағдарламаға қатысуға кеңес беремін! Бұл нағыз өмір мектебі, қызықты саяхаттар, жаңа таныстар және Америка Құрама Штаттарының көпұлтты мәдениетіне ену, өзіңіздің тәуелсіздігіңізді сезіну, ұмытылмас сәттерді есте сақтау сезімі! Сізге әр түрлі жерлерге баруға, адамдармен танысуға, түрлі тағамдарды сынап көруге және осы елде өткізген әр минуттан рахат сезімін алуға кеңес беремін. Маған сеніңіз, уақыт көзді ашып жұмғанша өтіп кетеді, сондықтан әрбір уақытты тамаша өткізіңіздер!
