Волейболдан Әлемдік Гран-При: Қазақстан-Чехия — 1:3
Бүгінгі ойында қайтсе де жеңіске жетуді көздеген қыздарымыз, ойын басталысымен ұпай санымен алға шықты. Оның үстіне қыздарымызды қолдауүшін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына шамамен бүгін 1500 жуық жанкүйер жиналды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрама командасы ойынды жақсы бастағанымен, аяғына қарай есе жіберіп алып жатты. Бірінші партия чехиялықтардың пайдасына шешілді. Есеп 16:25
Екінші партия аса шиеленісті өтті! Жанкүйерлердің қызу қолдауымен жігерлене ойнаған қыздарымыз есепті 20:15-ке жеткізді. Бірақ, тағы да өкінішке қарай бұл жолы да қазақстандықтар партияның соңына қарай, жүйкелері сыр беріп, орынсыз қателіктерге бой алдырып, жеңісті қолдан берді. Есеп 24:26
Үшіші партияда отандастарымыз тағы да сытылып алға шықтты. Екі команда да жан аямай ойнады. Есеп 24:24 жеткенде ойын шарықтау шегіне жетті. Дегенмен қазақстандықтар салқын қандылық танытып, 27:25 есебімен жеңісті «жұлып» алғандай болды. Осылайша, жанкүйерлер төртінші партияны көру құрметіне ие болды.
Төртінші партияда ойын теңбе-тең дәрежеде жалғасты. Бірақ көп ұзамай чехиялықтар ә дегеннен жеті ұпаймен сытылып алға шығып кетті. Дегенмен қыздарымыз да аянып қалмады. Ойынды теңестіруге бар күштерін салды. Бірақ чехиялықтар барынша ұқыпты ойнауға тырысып, ойын тізгінін қолдан шығармады. Есеп 16:25.
Осылайша Қазақстан құрама командасы Әлемдік Гран-При ойындарының Алматылық кезеңінде барлығы үш кездесу өткізіп, біреуінде жеңіске жетіп, екеуінде жеңілістің ащы дәмін атты. Енді қыздарымыз 3 ұпаймен Әлемдік Гран-При-дің 1-3 тамыз аралығында Чехияда өтетін екінші кезеңіне қатысады.
Финалдық турнир 15-17 тамыз аралығында Болгарияда өтеді.
Турнир жеңімпазы екінші дивизионның құрамына өтеді.

