Волейболдан БҚО чемпионатында Зеленов ауданы озық шықты
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жарысқа барлығы 10 команда қатысып, екі топқа бөлініп, күш сынасты. Әр топтан екі командадан жартылай финалға шықты. Онда Зеленов ауданы командасы қазталовтықтарды, жәнібектіктер бөрліліктерді тізе бүктірді. Финалда зеленовтықтар жәнібектіктерді ұтып, жеңімпаз атанды. Қазталов ауданы командасы үшінші орынды иеленді.
Чемпионат қорытындысымен үздік ойыншылар да марапатталды. Жәнібектен Нұржан Сейтқалиев пен Қазталовтан Абзал Сапарғалиев үздік байланыстырушы, Оралдан Расим Жұмағалиев үздік тосқауыл қоюшы, Зеленовтан Жарқын Тайшыбаев пен Жәнібектен Нұрболат Хисин үздік шабуылшы, Бөрліден Санат Саматов пен Теректіден Салауат Қажығалиев үздік қорғаушы атанды. Қазталовтық Сұлтан Ғұмар турнирдің үздік ойыншысы атағын иеленді.
Біріншілікке Бөрлі, Бөкей ордасы аудандары мен Орал қаласы командалары тыңғылықты дайындалып, жақсы ойын өрнегін көрсетті.

