Волейбол: Әйелдер командаларының ұпайлары теңесті — БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат — Орал қаласындағы «Энергия» фитнес орталығында «А» жоғары лига командалары арасында ел біріншілігі үшінші турының ойындары жалғасуда.
Қос турдан кейін «Алматиночка» «Қарағанды-2» командасынан екі ұпай алда келе жатқан еді. Үшінші тур барысында олардың жинаған ұпайлар саны 31-ге жетіп, теңесті. Алдымен «Қарағанды-2» командасы алматылық қыздарды бес партияда ұтып, екі ұпайға ие болды.
Одан кейін жексенбі күні алматылықтар үшінші орындағы «Қостанай» командасын 3:2 есебімен жеңді. Ал алаң иелері «Грация-KZ» командасы үш кездесуінде де жеңіліс тапты.
«А» лигасындағы алты команда 25-26 ақпан күндері үшінші турдың қорытынды ойындарын өткізеді.
Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт , Батыс Қазақстан облысы

