Волейбол: бүгін ҚР чемпионаты екінші турының ойындары басталады
Бүгін Петропавл және Тараз қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ҚР ХХІІ чемпионаты екінші турының ойындары басталады.
8-10 қаңтар аралығында Петропавлда жергілікті «Есіл», Оралдың «Конденсат-Жайықмұнайы», «Атырау», Хромтаудың «ТНК Казхром» командалары күш сынасса, Таразда ел чемпионы «Алматы», «Павлодар», «ШығысҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен), «Тараз» алаңға шығады. Бұдан кейін сегіз команда қосылып, екінші турдың ойындарын 26-31 қаңтарда Павлодар қаласында жалғастырады.
Бірінші турдан кейін 18 ұпай жинап, әзірге жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген, Игорь Никольченко жаттықтыратын «Конденсат-Жайықмұнай» көш басында. «ШығысҚорғасынҚұрылыс» 14 ұпаймен екінші, қоржынында 13 ұпайдан бар алматылықтар мен хромтаулықтар үшінші-төртінші орында келеді.
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Автор: Елжан Ералы

