Винченцо Нибали мен Фабио Ару Astana EXPO-2017 көрмесінің елшілері атанды
Astana Pro Team велокомандасының шабандоздары Винченцо Нибали мен Фабио Ару Astana EXPO-2017 көрмесінің елшілері атанды.
Команданың топ-менеджері Александр Винокуров пен ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов бүгін осындай меморандумға қол қойды. Спортшылар жаңа маусымда халықаралық көрменің логотипі салынған киім үлгісімен шығады. Шабандоздар алда Австралия мен Аргентинада өтетін жарыстарға қатыспақ. Топ құрамында 30 спортшы бар. Есімовтың айтуынша, мұндай жарнаманың арқасында көрмеге келушілер саны біршама артады. Өйткені велоспорт халық арасында өте танымал спорт түрі. Сондай-ақ бүгін шабандоздар EXPO көрмесіне орай салынып жатқан ғимараттардың макеттерімен де танысты.
Ахметжан Есімов, «Астана EXPO-2017» ҰК басқарма төрағасы:
- Біз халықаралық көрменің имиджін көтеру үшін қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі таңда 55 ел мен 13 халықаралық ұйым өзінің шараға қатысатынын қуаттады. Барлығы 100 мемлекет келеді деген сенімдеміз. Қазір көрме құрылысы белсенді жүріп жатыр.
Александр Винокуров, Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері:
- Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Astana Pro Team командасының мүшелері EXPO логотипімен жарысқа шығатынына өте қуанышты. Бұл белгі тек біздің киімде ғана емес, автобус пен жеңіл автокөліктерімізге де салынады.
http://gbpp.org/kz/2015/12/12938
