Вьетнам соғысына қатысқан қазақ
«Жазмыштан озмыш жоқ». Жаратушы Жаббар иеңіз маңдайыңызға не жазды, соны көресіз. Бұл тек екі аяқты пендеге қатысты тәмсіл емес. Тұтас халықтың тағдырына да осындай жағдаяттар әсер етіп жатады. Бір ұлттың ішінен екіге жарылып, бір-біріне мылтық кезейтін тұсы да Алла тағаланың қалауынан шығар-ау. Әйтпесе, бір үйдің екі баласы бірін-бірі жау көретіндей не болыпты?! Әрине, саясаттың салқындығы, көзқарастың алшақтығы, дүниетанымның бөлектігі деген сияқты түрлі сылтауды алға тартуға болады. Бірақ оның өзі жазылып берген тағдыр екенін әсте естен шығармасақ керек.
Қазақ жұрты Вьетнам соғысы туралы не біледі? Бір елдің ортасына құрт түсті. Қақ айырылды. Бір жағын Қытай мен КСРО қолдады. Екінші жақтағылардың қолтығына АҚШ су бүрікті. Содан қиян-кескі шайқас басталды. Шамалап алғанда, біздің Вьетнам соғысы туралы білеріміз осы ғана. Ал сол соғысқа қатысқан қазақ бар десе, сенер ме едіңіз? Ондай адам бар. Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ және қазақстандық азамат Қызылорда облысында тұрады.
