Ветеринария мәселелері талқыланған семинар
Парижде әлемнің 180-нен астам елі мүше болып табылатын халықаралық эпизоотиялық бюросы Бас ассамблеясының 83-ші сессиясы өтіп жатыр. Бір аптаға жуық уақытқа созылатын оның жұмысына құрамында Парламент депутаттары бар Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бастаған қазақстандық делегация да қатысуда.
Сессияны халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) президенті Карин Швабенбауэр ханым ашты және ол мал аурулары індетіне қарсы күрес жүргізуде бюроның атқарып келе жатқан жұмыстары мен іс-шараларына тоқталды. Оның атап өтуінше, 1924 жылы құрылған ХЭБ өзінің 90 жылдан астам тарихында мал індеттеріне қарсы күресті үйлестіру және олардың шығу ошақтарын жойып, жұқпалы мал ауруларының алдын алуға бағытталған жұмыстарды аса ауқымды көлемде жүргізіп келеді. Ұйымға мүше елдермен тығыз байланыстар орнатудың нәтижесінде жүзеге асырылған жұмыстар да жетіп артылады. Бүгінде ХЭБ-тің көпшілік мемлекеттердің барлығына ортақ стратегиясы бар.
Бұдан кейін сессия жұмысы делегация жетекшілері – елдердің Ауыл шаруашылығы министрлері ретіне қарай сөз алып, өз елдеріндегі ветеринариялық-санитариялық жағдайларды ортаға салуларымен жалғасты. Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке алтыншы болып сөз берілді. Қазақстандық министр еліміз ХЭБ-ке мүше болғаннан бастап, онымен тығыз қатынаста жұмыс істеп келе жатқанынан хабардар етіп, сессияға қатысушыларды Қазақстандағы ветеринариялық жағдаймен таныстырды. «Қазақстан МЭБ-ке мүше болған 23 жыл ішінде ветеринариялық қызмет саласын реформалауды аяқтадық, – деді ол. – Министрлікте ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті құрылды. Осыдан төрт жыл бұрын ветеринариялық қызметті жаңғыртудың жақын жылдарға арналған ұлттық жоспары әзірленді». Министр, сондай-ақ, елімізде осы салаға қатысты жүзеге асырылған және министрлік алдында тұрған бірқатар жұмыстарды да атап өтті. Ал ХЭБ Бас ассамблеясының сессиясы 29 мамырда өз жұмысын аяқтайды. Осы аралықта Қазақстанға ХЭБ-тің аусыл ауруы бойынша бес облысқа вакцина қолданылатын және тоғыз облысқа вакцина қолданбайтын қолайлы ел мәртебесін беру туралы сертификаты тапсырылады деп күтілуде. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Парижден.
Источник: http://egemen.kz/2015/05/28/64248
