Велобәйгедегі джентельмендік қағида
Велоспортта жазылмаған бір заң бар. Ол – егер саған велошабандоздардың бірі көмектесіп, қорытынды есептегі басты бәсекелестеріңнен ұзап кетуге ықпал етсе, оған тура сондай жолмен «алғыс» білдіру.
Велоспорттан «Джиро д’Италия» көпкүндігінің қорытынды есебінде жеңіске жеткен Винченцо Нибали осы велододаның 14-кезеңдік бәйгесінде мәре сызығын екінші болып қиды.
Көмбеге бірінші болып жетуге мүмкіндігі де бар, күш-жігері де жеткілікті сияқты еді… Бірақ соңғы сәтте қарқынын бәсеңдеткендей болды? Онысы несі екен ә?
Осы сұрақ көкейімізден кетпей, есімізден шықпай жүрген. Жақында Нибали Астана мен Алматыға келгенде, Алатау бөктеріндегі Donatello қонақ үйініңдәлізіндегі кездесуде қазақстандық шағын ғана журналистер тобы осы сұрақты көлденең тарттық. Сонда Винченцо бір жымиып алды да:
– Велоспортта жазылмаған бір заң бар. Ол – егер саған велошабандоздардың бірі көмектесіп, қорытынды есептегі басты бәсекелестеріңнен ұзап кетуге ықпал етсе, оған тура сондай жолмен «алғыс» білдіру. 14-кезеңдік бәйгеде Мауро Сантаброджио жалпы есептегі ұпай үшін, орынүшін жанталаспаса да, менімен бірге болды. Биік таулы қиын жолдарда тізеқоса қимылдап, көп көмегі тиді.
Соның арқасында мен басты бәсекелестерімнен ұзап кете алдым.Сондықтан джентельмендік келісімді бұзбай, ер жігіттік мәрттікпен көмбеге тақағанда тізгінімді тарттым. Сөйтіп, Мауро Сантаброджио кезең жеңімпазы атанып, қуанышқа кенелді. Ал мен жалпы есептегі басты бәсекелестеріммен арадағы уақыт айырмасын біраз ұзартып алдым, – деп жауап берді.
Міне, спортта осындай да қызықтар бар. Нағыз жігіттік қағида емес пе?!
Бірақ… бірақ маусым айының басында Vini Fantini клубының мүшесі, Италия велошабандозы Мауро Сантаброджио допинг құрығына ілікті. 4 мамыр күні Мауродан алынған допинг-сынақтың нәтижесі оның ағзасында (қанында) эритропоэтин бар екендігін білдірген.
Енді «В» сынағынан да оның допинг қолданғандығы анықталса, ол 14-кезеңдегі жеңісінен айырылуы мүмкін. Онда бұл кезеңдік бәйгедегі жеңіс те Нибалиге беріледі. Естеріңізге сала кетейік, Сантаброджио «Джиро-2013» көпкүндігініңқорытынды есебінде 9-орынға ие болған болатын.

