Әулие бабаларымыздың киелі жерлері
Міне, түн де болды, ал біз алтыншы күнімізге арналған блогымызды жаңа ғана басталғалы жатырмыз. Неге десеңіз, бүгін біз ұзақ әрі ауыр жол жүрген болатынбыз. Бірақ, соған қарамастан, осынау қасиетті Рамазан айында әулие бабаларымыздың басына барып, құран оқып, тілек тілегеніміз барлық қиындықтарымызға шыдауға тұрарлық іс болды. Атырау қаласынан бірден Құлсары ауданына барып, одан кейін 65 шақырым жердегі "Ақмешіт" қорымына жол жүрдік. Алдымен, 1996 жылы салынған "Ақмешіт" қорымы меймандарына арналған үйде ас ішіп, шырақшы Ислам Мырзабекұлы құран оқып, бізді мешітке апарды. Жаңа айтып кеткен үйдің іргетасын қалауға Жылыой ауданының әкімшілігі, сонымен қатар мекемелер мен кәсіпорындар зор үлестерін қосқан екен.



Ақмешіт-19 ғасырдың бас кезінде Жем бойында Бекет ата салғызған жер асты мешіті болып табылады. Мешітке кіретін жер тар, ұзынша, бөлменің төбесінде сәуле түсетін тесігі бар. Даланың ыстық лебіне төзе алмай шаршап шалдыққанымыз мешіт ішіне кіргенде бірден басылып, өне бойымыз бір сергіп қалды.Оның себебі,мешіт қабырғасы қатты бор жынысынан қашалғандықтан болар.
Жол жөнекей Ембідегі екінші мешіт болып табылатын Құлшан әулие мешітіне соға кеткен болатынбыз.


Бекет атамыздың өзі «Ақмешітке зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқып өтсін» деп тапсырған делінетін. Құлшан әулие мешіті жеке-жеке екі бөлмеден тұрады, оның біреуіне мешіттің негіздеушісі жерленген екен.
Бүгінгі күні тілеген тілектеріміз періштенің құлағына шалынсын. Сіздерге де құрметті оқырмандар әулие аталарымыздың жерлеріне аяқ басуға кеңес береміз.
