Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тылсым күштердің әлемдік саясатқа тигізетін әсері бар ма?

Реалисттер мен оларға жақын халықаралық қатынастар саласының мамандары бұл сұраққа «жоқ» деп жауап беретіні анық. Сарапшылар әлемдік саясаттың дамуын мемлекеттердің нақты мүдделері мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ұмтылыстары айқындайды деп сенеді. Мемлекет басшыларының жеке мінез-құлық ерекшеліктері, наным-сенімдері мен тылсым күштердің әсері әдетте есепке алынбайды.

АҚШ пен Филиппин қарым-қатынастарының соңғы кезде шиеленісе түскені белгілі. Алайда олардың қалпына келіп, жақсаруына Жаратқанның өзі тікелей ықпал ететін сияқты.

Филиппиннің жаңа президенті Родриго Дутертенің шатақ мінезі мен балағат сөзді көп айтатыны туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазады. Оның халық алдында сөйлеген бір сөзінде Барак Обамаға «иттің баласы» деп тіл тигізгені туралы естіген боларсыз.

Өткен аптада Би-Би-Си телеарнасынан Филиппин басшысының баспасөз конференциясын көрдім, онда ол Жапонияға сапарлап, елге қайтып бара жатқан жолда (ұшақта) Құдаймен тілдескені жайында бір қызықты мәлімдеме жасады. Дутерте Құдайдың ашуынан қорқып, оған және өз халқына енді ешқашан балағат сөз айтпаймын, тіліме ие боламын деп уәде берді.

Айта кетерлігі, екі ел басшыларының әлдебір байламға келгенде осылайша Жаратқанның еркіне сілтеуі бірінші рет емес.

Испания отары болған Филиппин 1898 жылы АҚШ иелігіне өтеді. Құрама Штаттардың сол кездегі президенті Ульям Маккинли өте діндар адам болған-ды. Танымал қаламгер Стивен Кинцердің "Перевороты. Как США свергают неугодные режимы" атты еңбегіндегі мәліметтерге сенетін болсақ, Филиппин аралдарының болашағына қатысты шешім іздеу кезінде Маккинли әріптестеріне бірнеше мәрте тізе бүгіп дұға оқығанын, Құдайдан көмек сұрағанын айтқан екен. Бір түні Маккинли өзіне Жаратқанның аян бергенін, демек АҚШ-тың Филиппинді өзіне бағындырудан басқа амалы жоқ, Америка Филиппинді ықпал ету аймағына айналдырып, жергілікті халықтың дамуына үлес қосуы қажет – бұл Құдайдың жазғаны деген көрінеді.

Сірә, тарихта қалған бұл оқиғадан Дутерте мен оның жерлестері хабардар болар... Дутертенің соңғы мәлімдемесі АҚШ басшылығына бағытталған тарихи астары бар қалжың емес пе екен?!

0
1
443

Осы тақырып бойынша

Тылсым күштердің әлемдік саясатқа тигізетін әсері бар ма? - Yvision.kz