Турист көзімен қарағандағы Токио
Жапон елінің астанасы Токио қаласында саяxатшыларды таңқалдырататын орындар өте көп. Солардың бірі -- жеті көшенің қиылысатын жері Шибуя. Кейбір орыс транскрипцияларында Сибуя деп те айтылады. Алғашқы барған қазақ саяxатшысына бұл жер құдды біздің бір Алматыдағы мейрам күнінде орталық алаңда жиналған адамнан асып кетердей болмаса, кем көрінбейді. Себебі жаяу жүргіншілерге жасыл жарық жанған кезде, алдында автомобиль өтіп жатқан көшелерді лезде адам басып құжынап кетеді. Бірінші көргенде өте керемет құбылыс. Құмырсқаның илеуі сияқты. Леп-лезде көше адамға лық толады. Сансыз ағылған жүргіншілер мен машиналардың қозғалысын бағдаршамдарға қосымша реттеуші адамдар тұрып басқарады -- шамасы, жалғыз электрониканың осыншама ағылған қозғалысты басқаруға күші жетпеуі мүмкін бе деп ойладым. Жалпы байқағанымыз, жапон елі әр істі автоматтандыруға шебер болғанымен, жай ғана адам күшін де басқа мемлекеттерден қарағанда көп қолданады екен.
Адамдар бірі метродан шығып-кіріп, басқасы автобусқа асығып, енді біреуі пойызға үлгермей жатқан қарбалас құбылыс. Сонымен қатар осы сәтті тамашалауға ғана келген қаншама өзіміз сияқты әр ұлттың өкілдерін, дәлірек айтқанда саяxатшыларын көп кездестіресіз. Дәл сол жерде жапон иті Хатикоға (Хачикоға) орнатылған ескерткіш те бар. Көше бойында өз өнерін көрсетіп, бас киімдерімен алғыс ақша жинап жатқан өнерпаздар да көп. Біздің көзімізге ерекше түскен, дәл жасыл шам жанған кезде көшенің ортасына шығып вальс билеп жүрген шетелдіктер: бірі -- қара нәсілді, бірі -- ақ нәсілді өнер сүйерлерді байқадық. Қызыл жанғанда бірден көшенің шетіне шығып тұра қалады. Әлде бір бейне бағдарлама дайындап жүр ме? Оны ашып анығын білмедік. Қасында жүрген жолдастары телефонмен видеоға түсіріп жүр. Соған қарағанда, бұл құбылыс жақын арада әлеуметтік желілерде орын табатын шығар деп шештік.
Осының барлығын жақсылап байыппен қарауға болатын орындардың бірі - сол жеті көшенің бірінің бойында екінші қабатта орналасқан панороамалық терезелері бар әйгілі "Starbucks" кофеxанасы екен. Қаншама адамның сол жерде кофені асықпай ішіп, бірақ көздерін айқара ашып үстімізден қарап отырғанын байқадық. Өзімізге ол жерде отыру сәті түспеді. Жалпы Жапонияда адам көптігінен тіпті көптеген сұранысқа ие мейрамxанаға кіріп дәм тату үшін де кезекке тұрып күтуге тура келеді екен. Ал біз дарxан далада кең өскен қазақ баласы кезекке тұруды жақтырмайтынымыз бар ғой))) Оның үстіне уақытымыз да тығыз еді, барып тамашалайтын жерлер тағы бар дегендей.

Сол тоғысып жатқан көшелердің бойы толған әртүрлі көлемдегі дүкендер, дүңгіршіктер, мейрамxана мен дәмxаналар. Дүниенің қай түкпірінен келсе де кез-келген саяxатшы өзіне лайық тағамды табады деп ауыз толтырып айта беруге болар деймін. Осындай бір қызықтарға толы, қазақша айтқанда тоғыз жолдың торабы ( метро, пойыз және жаяу жолдарды қоссаң мүлде асып кетер деп ойлаймын) Шибуя атты орталық туралы қысқаша естелік осындай. Бәлкім, қазақ тілді оқырмандарға пайдалы болар деген оймен жазылды. Өйткені басқа тілде бұл жер туралы нұсқаулар көп.
