Туберкулезбен сырқаттанушылықты төмендету жөніндегі республикалық штабтың кеңейтілген отырысы болып өтті
Жиынға мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың өкілдері қатысты.
Штаб отырысында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Т.Әбілдаев, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары А.Базылбеков, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілері баяндама жасады.
Салидат Қайырбекова Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде ұстанымын жақсартқанымен, туберкулездің дәріге төзімді түрімен сырқаттанушылық көлемінің артуы, сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі туберкулезге шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмек жайы мамандарды алаңдатып отырғанын алға тартты.
Оған қоса, жиынға қатысушылар жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарын: жылдам диагностикалау қондырғыларымен жабдықтау, науқастарды әлеуметтік қолдау, туберкулезге қарсы бірқатар ұйымдардың материалдық-техникалық базасын инфекциялық бақылау талаптарына сәйкестендіру сияқты туберкулезге қарсы іс-шаралар көлемінің жеткіліксіз болып отырғанына аударды.
Республикалық штаб шеңберінде ҚР ДСӘД бірінші вице-министрі Медициналық қызметті бақылау комитетіне пенитенциарлық жүйенің туберкулезге қарсы мекемелеріне тексеру жүргізуді тапсырды. Туберкулездің созылмалы түрлерімен ауыратын науқастарды тиісті емдеу мәселелері республикалық штабтың келесі отырысында тыңдалатын болады.
