Туған жердей жер болмас...
Ұлтты рухани жаңғыртудың келесі бір сатысы – туған жерге деген сүйіспеншілік. Елбасы: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дейді.
Әрбір адамзат баласы өзінің туған жерін құрметтемей тұрмайды. Тіпті алыс сапарға шыққанда, адамның туған жерге сағынышы ерекше болады. Осындайда Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім біледі? Ыстық қой, шіркін туған жер!» деген сөзі ойға оралады.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тұнған тарих екенін Елбасы айқындап беріп отыр. «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейді Мемлекет басшысы.
Әрбір жас баланың санасында отансүйгіштік қасиеті дамыса, туған жерін қадірлеуді ұғынса, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Өзге аймақта өмір сүрсе де, өзі туып-өскен мекенді құрметтеп, жиі-жиі ат басын бұрып тұратын азаматтар да жетерлік. Олар қасиетті мекеніне үзбей қамқорлық көрсетіп келеді.
Елбасының осы орайда «Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелі қолға алуға тиіс» деуі тегін емес.
«Туған жер» бағдарламасы өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты абаттандыруды басты мақсат етіп отыр. Кәсіпкерлер де, зиялы қауым өкілдері де, шенді-шекпенділер де, жастар да туған жеріне қамқорлық танытып, жаңашылықтың жаңа үлгісін көрсете білуі керек.
