«Туған өлке» – жер қадірін ұғындырар жоба
19 мамырдан бастап «Ел арна» «Туған өлке» атты жобаның тұсауын кеседі. Осымен екінші рет қалың көрерменге жол тартатын бағдарламаның халыққа, өскелең ұрпаққа берері мол. Бағдарлама барысында елімізге танымал бірқатар азаматтар туған жеріне сапар шегіп, өткен күн, балалық шағымен қауышады. Туған өлкенің қадірін жете түсіну үшін, оны әрбір адамның санасына сіңіру үшін түсіруші топ аянып қалған жоқ.
Соңғы кездері отандық телеарналар патриоттық рухты жаншитын бағдарламалар легін ұсынып келеді. Әрине, жас ұрпаққа бағыт көрсетіп, Отан-Ананы сүюге баулитын бағдарламалардың көбейгені жөн. Себебі төрден орын тепкен теледидар бұл күнде баланы тәрбиелеуші басты құралға айналды. Осы орайда кең байтақ қазақ жерінің әрбір тасының, тауы мен суының, орманының қадірін әспеттейтін жобаларды көптеп ұсынсақ, баланың санасына жақсы әсер етеріміз айқын.
Қаланың қауырт тіршілігіне шырмалып, ауыл-аймақты, туған жерді жадымыздан шығаратынымыз бар. Алтын бесігіміз ауылдағы ағайынның әңгімесін тыңдап, бала күнгі достармен шүйіркелескің келетін сәттер болады кейде. «Туған жерге туың тік» деген сөз бар қазақта. Батыр болайық, ақын болайық, дана болайық, патша болайық – әрбіріміздің туған жерге деген махаббатымыз шексіз, пейіліміз ерекше. Өйткені өзің туып өскен өлке анаңдай қымбат, анаңдай асыл, ананың алақанындай ыстық. Сұлу сөзден сүбелі ой тудырған жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр» деген қанатты сөзі бар. Атақ пен абыройға бөленіп, халықтың ыстық ілтипатына ие болып жүрген ел азаматтары туған жер туралы кеңінен сөз қозғайды. Елі үшін мақтанады, туған өлкесінің тарихымен кеңінен таныстырады. «Туған өлке» жобасының жалпы сипаттамасы осындай.
Асхат САДЫРБАЙ, «Туған өлке» жобасының продюсері:
Жоба арқылы Патриоттық рухты оятқымыз келеді
– Асхат, бұған дейін «Туған өлке» жобасының алғашқы маусымы көрсетілген еді. Биылғы жаңа маусымның ерекшелігі мен айырмашылықтары қандай болмақ?
– Бұл «Ел арна» телеарнасының төл жобасы болғандықтан, тұжырымы өзгеріске ұшырамайды. Танымал адамдар, ел алдында жүрген азаматтар туған ауылына барып, ағайын-туыспен сырласып, көрерменге белгісіз қырларын аша түседі. Туған ортасы мен ауылы жөнінде тың деректер айтады. Алдыңғы жоба қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген еді. Ал бұл жолы бағдарлама тек қана қазақ тілінде жүргізіледі. Тағы бір ерекшелік, бұған дейінгі жобада бір бағдарламада екі кейіпкерді көрсетсек, жаңа бағдарламалар тұтастай бір адамға арналады. Өйткені бірінші маусымда бірқатар дүниелер эфирге шықпай қалған еді. «Туған өлке» бағдарламасы ешбір әсірелеу, жасандылықсыз таза, таби-ғи қалпында түсірілді. Телевизия тілімен айтқанда бағдарлама барысында реалити-сәттер көп. Жобаға кейіпкер ретінде таңдалған адамның ауылына басқан қадамдары, оның қуанышы мен сағынышы, күйзелісі мен тебіреністі сәттерін түгел дерлік қаз-қалпында беруге тырыстық.
– Жоба барысында Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыдыңыздар ма?
– Алғашқы маусымда еліміздің барлық аймағын қамтыдық. Жаңа маусымда тұтастай Қазақ жерін қамту қиынға соқты. Біріншіден, жоба айналасы 16 топтаманы құрайды. Екіншіден, шалғай аймақтардағы ауа райының қолайсыздығынан түсірілу жұмыстарын жүргізу оңайға соқпайды. Оның үстіне, уақыт тығыз болғандық-тан жобаға қатысуға келісіп, уақыт тапқан кейіпкерлердің ауылын аралап, бағдарламаға арқау еттік.
– «Туған өлке» жобасының негізгі мақсаты қандай?
– Ауылда теледидар алдында отырған қазақтың қарадомалақ баласы бағдарламаны тамашалай отырып, «мен де ертең елге еңбек ететін, қазақ халқына пайдам тиетін, елге танылған абыройлы азамат бола алады екем. Ауылда отырған мен де Астананың төрінде отыратын азамат болады екем» деген ой қалыптастырса екен деген үмітіміз бар. Яки жобаның басты мақсаты – танымал азаматтардың өмірі мен ауылын баяндау арқылы тұлғаны қалыптастыру. Сонымен қатар саясатта беделі бар, тіл үшін шыбын жаны шырылдап жүрген, халықтың ықыласына бөленген азаматтардың барлығы да ауылдан шыққанын, барлығымыз сияқты қарапайым бала болып, асық атып, қой бағып өскенін көрсеткіміз келді. Осы бағдарлама арқылы кейіпкерлеріміз балалық шаққа саяхат жасап, ауылда қалған ағайындарымен, ата-әжелерінің көзін көрген азаматтарымен тілдесіп келді. Әр жексенбі сайын «Ел арнадан» кешкі 21:50-де бағдарлама көрерменмен қауышады.
– Жобаны түсіру барысында қызықты сәттер болған шығар...
– Сәкен Майғазиевтің дүниеге келген ауылы қазіргі ауылынан 120 шақырым қашықта орналасқан екен. Өкінішке қарай, сол ауылдағы үй бұзылып қалған. Сәкен аға үйдің орнын көріп, көзіне жас алды. Әнші ағамыз «Түсімде әкемді осы үйде көремін» деп бір тебіренді. Әкесіне, өткен ата-бабаларына Құран бағыштап шықты. Тіл жанашыры Асылы Осман апайымыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Жастайынан қой бағып, аттың құлағында ойнаған. Біраз жасқа келсе де Асылы апай аттан сескенбей, бір шауып өтіп, балалық шағын, қой баққан кездерін еске түсірді.
Мұрат ӘБЕНОВ,Білім және ғылым вице-министрі:
– Бір қуантарлығы, бағдарламаның айналасында жүрген түсіруші топ өз ісінің шынайы мамандары екен. Барлығы да қазақтың қарапайым балалары, кәнігі мамандар. Журналистермен бірге ауылға барып, перзентханадағы дәрігерлер, Қармақшыда тәлім-тәрбие берген мұғалімдермен бірге кездесіп, ауылдағы азаматтармен, тұлға ретінде қалыптасуыма әсер еткен ағалармен тілдесіп қайттым. Әдетте, қаланың тіршілігінен қол босамай, ауылға жол түспейді. Бағдарлама арқылы өткенге оралып, біраз жайтты еске түсірдік. Жобаның басы-қасын-да жүрген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Бағдарлама әлі көрсетілмесе де, біздің алған әсеріміз мол. Шыны керек, «Туған өлке» көңіл тебірентіп, ойға бөлейтін бағдарлама болатын сияқты.
Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері, тіл жанашыры:
– Бағдарламаның аты жақсы. Аты затына сай дүние болса екен деймін. Әркімге туған өлкесі қымбат. Бағдарлама арқылы балалық шақты еске түсіріп, қой бағып, аттың үстінде жүрген кездеріме оралдым. Ерекше тебіреністе болдым. Ауылдағы көп азаматтардың көзі тірі болмаса да, біраз азаматтармен тілдесіп, шүйіркелесіп қайттық.
Жуырда 86-жастағы бір апамыз «Туған өлке» жобасы туралы жарнама беріп жатыр, өте әсерлі, ой салар бағдарлама болатын сияқты» деп ойын жеткізді. Яғни жобаны қызықтап көретін көрермендер жеткілікті. Осының өзі жұбаныш. «Туған өлкені» көру арқылы жас ұрпақ ойланса екен деймін. Онсыз да тәрбие жағы кемшін болып тұрған кезде осы бағдарлама арқылы өскелең ұрпақтың бойында туған жерге, Атамекеніне деген сүйіспеншілігі оянса, елін сүйсе жақсы емес пе?
Сонымен 19-мамырдан бастап көрермен қауым балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған «Туған өлке» жайында қызықты жобаны тамашалай алады. Жоба арқылы тың ақпараттарға қанығып, тебіреністі сәттерге куә боламыз. Мұхасан Шаһзадаев, Сәкен Майғазиев, Қарақат пен Қыдырәлі сынды әншілердің, Айгүл Мүкей, Дана Нұржігіт, Мұрат Әбенов пен Асылы Осман сынды елге танымал азаматтардың туған өлкесі, балалық шағы, қызықты өмірі туралы білгіңіз келсе, Ел арнаны қосыңыз!
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=20447&Itemid=2
