Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 4 күн

4-ші күн (04.06.2015):

Ұзақ сапардан шаршап келген біз үшін таң өте жағымды атты. Алайда, бүгінгі күн тағы да автобуспен саяхатты дайындап қойыпты. Таңғы астан соң, автобуспен 2 сағатта Долинка кентіндегі Облыстық КАРЛАГ  тарихи және саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына арналған мұражайына келдік. Ғимарат бұрындары КАРЛАГ- тың басқарма мекемесі болған екен. Реставрация кезінде ғимараттың бұрынғы сырт- келбетін сақтауға тырысқаны байқалады. Ауласы да өте кең, тап- таза, әрі жасыл желек көмкерілген екен. Сырты көз тартарлық болғанмен ішкі бейнесі сұсты. Кіре бергенде алдымызда сынған шаңырақтың макеті орналасуынан бастап бойымызды үрей билегендей болды. Себебі, сынған шаңырақ қазақ халқы үшін үлкен қайғы мен күйзелісты символдайтын. Залдарды аралап жүрдік. Мұражай атаулының алтын заңы- хронологиялық тізбекке бағына орналасқан экспонаттар Кеңес үкіметінің халыққа көрсеткен ауыр зардаптарынан сыр шертеді: депортация, репрессия, аштық. Осы оқиғалардың куәсі болған халықтың жағдайы, әлеуметтік, демографиялық өзгерістер, саяси қуғынға ұшыраған жандардың күрт құбылған өмірі, олардың жақындары... Аштық кезіндегі халықтың қыл үстіндегі күйі, жан шошырлық адам етін жеу фактілері...Шет елден айдап әкелген бейкүнә өзге үлттарға жәрдемдескен қазақ халқының сұрыпыл өмірі...Жан ауыртарлық, әрине. Алға басып, келесі залдарды аралай бердік. Аралап, экскурсоводты тыңдай берген сайын жүрекке қадалар оқтай мәліметтер, фотосуреттер көбейе берді. Алайда, бұл тек бастамасы екенін жертөлеге түскенде бірақ байқадық. Жертөленің орналасуы мен архитектурасына, табылған заттар,а қарай отырып, бұл жерді лагерь тұтқындарын қамауда ұстайтын жер сияқты етіп әрлеп қойған. Бір қызығы, бұл жер туралы құжаттар, заңды деректер жоқ болып шықты. Жертөлеге кірген сәттен өзімізді сол заманның түрмесінде жүргендей сезіндік. Тек далғыз адамға және он шақты тұтқынға арналған камералар бар. Екінші аталған камераларды негізінен 40-50 тұтқын отырады. Ешбір қолайлылық жасалмаған, тіпті, әйелдерге арналған камераларда да. Әр бөлмеде сол кездегі адам сұлбалары тұр. Жансыз болса да, бет  әлпеті әбіржіген, көмекке зәру адамдай. Сонымен қатар, мұнда аурухана бар екен. Мұнда да сұп-суық, әрі қолайсыз. Алайда, осында жұмыс жасаған дәрігерілердің біліктілігі сонша, осындай жерлерде де  сәтті жүрек операциясын жүргезген. Бар болғаны 5-6 дәрігер болған. Әрбіреуіне 300 пациенттен келсе,әрине, физикалық тұрғыдан үлгеру мүмкін емес қой. Сол себепті, өлім саны күрт арта берген. Айтпақшы, мұнда жоғарғы білім алған мамандарға ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беретін бөлме бар екен. Әрине, онда тек қана ең қарапайым құралдар бар. Оо кездегі ғалымдар ауыл шаруашылығы саласын зерттеп, селекциямен, сұрыптаумен айналысқан. Әрі қарай келесі тар бөлмеге келдік. Мұнда тұтқынды кінәлі болсын, болмасын мәжбүрлеп көндіру шаралары жүргізіледі екен. Мұндай шаралардың 400-ден астам түрлері белгілі болды. Әрине, адам нанғысыз. Ал егер жазаланушы сол сәтте жан тапсырса, оның өлімінің себебіне күш қолдану деп емес, қандай да бір аурудан қайтыс болды деп жазады екен. Экскурсоводтың айтуынша, сол заманда елеусіз ғана әрекет үшін соттап, өлім жазасына кесуге болады екен. Кінәлі деп танылған адамның өзін ақтап алуға мұршасы, уықыты жетпейді екен. Егер ату жазасына кесілген адам шын мәнінде кінәсіз болса, атар кезде ақ жейде киеді екен. Осыдан соң екәншә қабатқа көтерілдік. Мұнда қамаудағылардың өнермен айналысуы туралы зал бар екен. Кішігірім сахна, орындықтар және сөрелердегі сол адамдардың төл туындылары.Біз осылардың бәрімен таныстық. Ең өкініштісі, өнер көрсеткен адамдарға қошемет көрсетіп, қол шапалақтауға тыйым салыныпты. Сөйтіп, қамаудағылардың абырайын таптап, өнері бағаланбапты. Содан соң, осы КАРЛАГ басшысының кабинетіне бардық. Ең алғашқы теледидар, Сталин портреті, сұсты үстел, көне шкафтар, тіпті, сол заманғы түсқағаздар да бар. КАРЛАГ-тың бүкіл тарихында басшы 11 рет ауысып отырыпты. Айтпақшы, КАРЛАГ 28 жыл, нақтырақ айтқанда,1931-1959 жылдары өмір сүрген. Келесі зал Алаш зиялыларына арналған. Бұл тақырып бәрімізге белгілі. «Елім үшін» деп жанын қиған аяулы жандарды білмеу мүмкін емес қой. Олар ел есінде, жүрегінде. Келесі зал Егемен елге арналған. Еліміз тәуелсәздік алғаннан бергі маңызды оқиғалар мен құжаттар туралы сыр шертетін зал саяхатымыздың нүктесін қойды. Сөйтіп, Қарағанды қаласына қайта оралдық. Түскі астан кейін еріктілер бізге шағын ғана зияткерлік ойын дайындап қойыпты. Ойын “Не? Қайда? Қашан?” леп аталады. Барлығы 24 сұрақ болды және барлығы логикалық ойлауға бағытталған. Сондықтан да, олар бізге көптеген пайдасын тигізіп, білімімізді арттырды. Сұрақтардың көпшілігіне дқрыс жауап беріп, Бірінші Орынды алған Шымкент қаласынынң оқушылары болды. Әрине, біз жеңілгенімізге ұнжырғамызды түсірмеуге тырысып, жеңімпаздарға құттықтауымызды, ал ұйымдастырушыларға шексіз алғысымызды білдірдік. Ойыннан кейін Жезқазған сапарына дайындалдық. 2-3 сағатта дайын болып Қарағанды вокзалына келдік те, поездға міндік. Бір жақсысы, бір- біріміздің жанымызда болдық.

Осылайша, тағы бір күн белестей боп артта қалды. Осы күн бізді тариз толқынына жетелеп, ата-бабамыздың басынан кешкен күндерін тағы да еске салып, сыңғырлатты. Тағы бір рет қазіргі өмірімізге шүкіршілік етіп,  бабаларымызға шексіз ризашылығымызды білдірдік. Қазіргі қамсыз өмірді бізге алып беру үшін жан қиюға даяр болған аға-апаларымызды еске алдық. Сонымен бірге, көңлімізді көтеріп, пайдалы және көңілді зияткерлік ойын ойнап уақытты тиімді өткездік. Осы керемет күн үшін ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!

 
0
0
408

Осы тақырып бойынша