«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 1 күн
1-ші күн (01.06.2015):
"Қара Жақұт" ордасы - Қарағанды алғашқы күннен-ақ көңілімізде үлкен әсер мен жарқын көңіл күй қалдырды. Жағымды ауа-райы, күтіп алушылардың жылы лебізі экспедициямызды тезірек бастауға құлшындырды. Қала бойынша автобуспен саяхат кезінде көптеген келбетті, мәнді де мағыналы ескерткіштермен, сәнді ғимараттармен таныстық. Соның алғашқысы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті болды. Ғимаратта археология және этнография музейі орналасқан екен. Онда адамзаттың пайда болуынан бастап, қазіргі саналы адамның қалыптасуына дейінгі әрбір даму кезеңдері туралы толық ақпарат алдық. Сонымен бірге, ол жерде хронологиялық тізбекке негізделіп орналасқан экспонаттарды тамашаладық. Балбал тастар, ерте заманның қару-жарақтары, әшекей-бұйымдар, және де жерленген адам сүйектері мені таңғалдырды. Адам баласының сол кездегі наным-сенімдері, мәдениеті мен салттары айқын бейнеленеді. Осыдан соң университеттің екінші мұражайына бардық. Онда осы университеттің пайда болу тарихы, ашылу салтанаты, студенттер мен ғалымдардың фотосуреттері сақталған. Сонымен бірге, білім ордасы түлектерінің дипломдық жұмыстары, төл туындылары ілулі тұр. Әртүрлі бояулармен салынған тамаша суреттер, гобелендер, қолөнер бұйымдары, яғни, әшекейлер, ат әбзелдері, қару-жарақтар көз тойдырады. Оларға қарай бере туындының үлкен еңбекпен, табандылықпен жасалғаны білінеді. Осы мұражайда, бұдан бөлек, Елбасымызға арналған бөлім бар екен. Онда Елбасы туралы деректер, маңызды фотосуреттер және оның еңбектері сақтаулы. Осыдан соң, университет ауласындағы осы оқу орнының негізін қалаған
Е.А.Бөкетовтың ескерткішін және үлкен субұрқақты тамашаладық. Бұл білім ордасы көкейіміздегі ғылымға деген қызығушылығымызды арттырды. Университетте тілек және ұсыныс кітапшасы бар екен. Біз соған өз мектебіміздің атынан алғысымызды білдіре отырып, шағын мәтін жазып қалдырдық. Бұдан кейін экскурсиямыз әрі қарай жалғасты: "Қарағанды-Арена" атты мұз айдыны әзірге еліміздегі ең ірі мұз айдыны болып табылады. Оған 6000-ға жуық адам сияды екен. Сонымен бірге, дәл осы жерде еліміздің мақатанышы "Сарыарқа" хоккей клубы шынығады. Бұл мемлекеттік мекеме мәнерлеп сырғанау және хоккей спортына үйретеді. Саяхатымыз ары қарай Теннис орталығында жалғасты. Бұл жердің кең шынығу залдары осы спортқа қызығушыларға үлкен мүмкіндік береді. Сосын осы ғимараттың жанындағы еліміздің мақтанышы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығына жол тарттық. Ғимарат ерекше сәнді дизайнымен, көркем интерьерімен ерекшеленді, заманауи, өте қолайлы жабдықтармен қамтылған. Экспедиция мұнымен аяқталған жоқ. Біз Гоголь атындағы облыстық кітапханаға аяқ бастық. Кітапхананың ерекшелігі оның ғаламтор желісіндегі каталогының болуы. Бұл, әрине, оқырмандарға үлкен жеңілдік. Бұл кітапхана маусымдық басылымдарды, яғни, газет-журналдарды сақтайтын жалғыз кітапхана екен. Ғимарат бойынша экскурсия соңында кітапхана қызметкерлері бізге арнап дайындаған шағын викторинасын жүргізді. Әрбір дұрыс жауабымыз үшін шағын ғана естелік сыйлықтар берді. Айтпақшы, олар бізге тек Сарыарқа өңірінің емес, барша Қазақ елінің мақтанышы болып отырған 100 томдық "Сарыарқа кітапханасы сериясымен" таныстырды. Әрбір том ел аузында жырға айналған ақын- жазушыларымыз, жыршыларымыз турылы толық ақпаратты қамтиды. Бұқар жыраудан бастау алып қазіргі әдебиетшілерге дейін жетеді. Содан кейін кітапхана директоры келіп отырған әрбір НЗМ мектептерінің кітапханаларына естелік ретінде Қарағанды туралы арнайы басылған жаңа кітаптарды табыстады. Ендігі экспедициямыз Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы еді. 1932 жылы ашылып, дәл қазіргі дәрежесіне 1964 жылы жеткен, 16 залдан тұратын мұражай өте кең, әрі көрнекі экспозицияларымен таңғалдырады. Алғашқы залда мемлекеттік рәміздеріміз бен еліміздің даму жолындағы маңызы хор қаулылар, заңдар ілінген. Қарағанды флорасы мен фаунасымен танысуға мүмкіндік беретін келесі залда аса шеберлікпен жасалған экспонаттар орналасқан. Мұражайда тек Қарағандынаң емес, бүкіл еліміздің қазіргі күнғе дейінгі даму кезеңдері толыққанды, түсінікті сипатталған біргеше залдар бар. Соның ішінде менің ықыласымды ерекше аурдарған "Сақ залы" болатын. Онда ҚР территориясынан табылған төртінші алтын адамның дәлме дәл көщірмесі сақтаулы тұр. Ол 2008- 2010 жж. "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген археологиялық қарзба жұмысында Талды 2 сақ жакынгерлері қорымынан табылған ерекше жәдігер болып саналады. Сонымен қатар, қазақ жеріндегі ғарыш саласының дамуына, Қарағандыдағы индустрияның алғашқы қадамдары және де қазіргі Қазақстанның сыртқы қарым қатынастары, ұлттар арасындағы келісім сияқты маңызды жайттар мен деректерге арналған залдарды тамашаладық.
Әрине, бір ғана рефлексияда осыншама көп мәліметтер мен алған әсерімізді сыйғызу мүмкін емес қой. Бірақ та, бүгінгі күн мен үгін омірімде үлкен орын алды. Өйткені, өзім алғаш келіп тұрған Қарағанды қаласы туралы пікірім қалыптасып, көптеген әсер мен маңызды ақпараттар алдым. Келешекте осы алынған мәліметтер тек игі бастамаларға пайдаланатынына толық сенімдімін. Қарағанды қаласы мен күткеннен де керемет болды.





