Әр халықтың өзінің ұлылары туралы аңыздары бар. Сайыпқыран Шыңғысханның бабаларын анасы Алан Қауа киіз үй шаңырағынан түскен күн сәулелі адамнан көтерген екен. Шыңғысханнан мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген христиан дінінің негізін қалаған Иса пайғамбардың да дүниеге келу аңызы осындай. Ол да көктен жаралған екен. - Мұрат Аджи айтып жүргендей, христиан дінінің канундері көшпенділердің Тәңірге сыйынатын дінінен туындайтыны рас болса керек. - Хакім Абай да дүниеге келгенін еске алғанда, айналам-қызыл жасыл болды деген екен. Онысы, үйдің ішінде айнала боялған жүн ілініп тұрған екен. Осы әңгімелердің төркінін «ғылыми» тұрғыдан түсіндіргісі келген Лев Гумилев, ұлылар ана құрсағында күн радиациясының әсерінен оң мутацияға ұшырап пассионарий болып болып туады дейді (қазақтың «күші тасқан», «қуаты ішіне симайды», «не тас жарады, не бас жарады» дегендері осылар).
Еуропа қыпшақтарынан шыққан ғұлама ғалым, күллі түркілердің біртуар ұлы, қазақты жанындай жақсы көрген Іштуан Қоңыр Мандокидің кеше туған күні өтті. Мажар қыпшақтарының айтуы бойынша дүниеге тіспен келген екен, арқа жонында көкшіл түсті түгі болыпты. Өзінің де тегі қыпшақ венгр ақыны Көрменді Лайош: «Тіспен туған Қоңыр – бақсы, Бар парызды өтедің, «Мұрасыз граф» - атың жақсы, сен лаулаған от едің» деп жазды (ауд. Саламат Өтемісұлы) Осы жолдарда Қоңырдың бүкіл өмірі жатыр. Ата -бабасының текті болғаны, өмірі лаулаған от болғаны, мойнына Тәңірі салған парыздың бәрін өтеуге тырысқаны, бәрі - рас...
... Құрметті оқырман, көз алдыңызға сонау орта ғасырларда, тіпті, одан да бұрын өмір сүрген түркі бабамыздың ғаламат бейнесін елестетіп көріңізші, Көкке ақырған көк бөрінің заманы. Түркілердің жарты дүниенің билеп, өркениеттің алдыңда тұрған шағы. Сол бабамыздың айналадағы дүниеге көзқарасы, танымы, өресінің биіктігі, ең бастысы, дүниенің төрт тарабында тұратын басқа түркілермен өзін бүтін, бірге сезінуі. Қоңыр Мандоки бейне бір сол заманның осы күнге жіберілген елшісі сияқты. Ол өзін мажар да емес, қыпшақ та емес, қазақ та емес, түркі болып сезінді. Сондықтан оны саха мен чуваш өзімсінді, Стамбұл мен Анадолыда оны түрікке балады, басы бірікпейтін татар мен башқұрт түрегеп тұрып бірге күтті, қазасынан кейін құмық Батруддин өз халқынын ұлындай жоқтады («Жан иыбати гелдин сен, Жан тамурун тартылды. Дунайда тувган гюнюнг Акъ денизде артылды...»), ал қазақтар оны өзінің қасиетті Кеңсайына жерледі. Қайран Қоңырдың арманы әммә түркілердің рухани бірлігі болды. Осы мақсатқа саналы өмірін сарп етті, жаны қыршынынан қиылды.
Қоңыр мәңгілікке аттанғанда бүкіл қазақтың атынан Молла Дос ұзын сонар жүрек жарды жоқтау арнаған екен, соңың ішінде төмендегі жолдар бар:
... Бар дүние ғаламның/ Шашылған алаш адаммын/ Басымызды қосалқы/ Той жасауға алқалы/ Кеңге салып арқаны/ Ақсарбасты шалғалы/ Қанына қолды малғалы/ Құрылтайға қам қылған/ Алаштан не артылған!/ Мал жанымнан садақа/ Жан-арымнан садақа...
(Қоңыр 1992 жылы қазақтың тұңғыш Дүниежүзілік Құрылтайына келе жатып кенеттен Қапқазда қайтыс болған)
... Іштуан –Қоңыр, қозым-ай, Бәйгеден озған бозым-ай...
Мажарды ертіп келер ең,/ Бозінгендей желер ең./ Неңді аядың сен менен./ Нені аядым мен сенен./ Көз жасым менің көлдеген/ Көз жасым менің селдеген/ Қара Қоңыр қозым-ай...
Көргенде сені шүкір деп/ «Көз тимесін түкір» деп/ Тұратын жүрек лүпілдеп / Ерімді басқа білсін деп/ Өкпе-бауырым бүлкілдеп/ Дүниеге сыймай жүргенім/ Енді бүгін білгенім/ Алаш болып бүлгенім/ Қуанып, қайда күлгенім?!...
... Жауына тиген жасындай / Ер Түрік бабаң о да өтті / Ғаламды кезбей, басылмай. /Ұрымды көріп байқаған /Қорғанын бұзып шайқаған /Мекен боп шексіз бай далам / Еділ патшам о да өтті. /Жырға қосып айта алам, / Томирис апаң о да өтті, /Кир патшаны жайлаған. /Алпамыс бабаң о да өтті./ Қызыл басты жайпатып, /Алдына салып айдатып /Оны да тағдыр байқаған./ Қазтуған жырау бастаған /Күллі ноғай бастаған/ «Ер Нарымбет өлгенде/ Он сан ноғай бүлгенде»/ «Ауған» болған тау асып/ Тырнақтымен таласып /Орыс, Қытай қысқанда /Жағасына жармасып /«Жерұйықты» іздеген / Бабалар жүрген ізбенен /Байсыңдай жер табылмай / Асан Қайғы шаршаған. /Дүние кезіп сандалған/ Қара тұман жолдардан/ Байсындай жер таба алмай/ Ауған болған амалсыз...
(Қоңырдың бабалары Шығыс Еуропаға XIII ғасырда ауған екен. Тарыдай шашыраған қазақпыз, қазір бізге ауадай ауызбірлік, іс бірлік керек. Сонда ғана:
... Ер Түріктей бабамыз/ Содан баһар алармыз./ Солар салған ізбенен/ Бізде көшіп барамыз/ Бабаң салған ізбенен/ Бабаң салған жолменен...
... Таптың, қозым, еліңді! /Бабаң жүрген жеріңді! /Бабаң түскен көліңді! /Қырқалай асқан белімді!
Азаттық алған дәуірде / Сенің жоғын біліңді ...
- Мажарстанда, Венгрияда, туған Қоңыр соңғы керез сөзіңде өзің қазақ жерінде жерлеуге өтінген, содан бақилық орнын Кенсайда, Баукең мен Шәмшінің жанынан тапты...
Жеті ғасыр өшіре алмаған қаны күшті қазақпыз. Сол Қазақ Рухының айшығы Қоңырдың туған күні қазақ еліне құт әкелсін, алдымызда жақсылық көп болсын!...