Тіл мәртебесі – ел мерейі

Бұл өмірде аз күн қонақ болармыз,
Мүмкін елу, мүмкін жүз жыл салармыз.
Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
Құрметтейік келгенінше шамамыз!
Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілін — ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.
Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»-деген болатын. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. “Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас” демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!
